Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
23.07.2020
Просмотров: 640

Халық сенімінен артық күш жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап білемін. Арамызда пікір қайшылықтары да болды. Бірақ уақыт бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымызға сызат түсірген емес. Себебі Президенттің журналистермен кездесуі кезінде айтқанындай, пікір әртүрлі, халықтың біртұтас екені қадым заманнан белгілі. Ақиқаттың өзегі ашық пікірталастарда, пікір қайшылықтары барысында ашылады, соңғы нәтиже мемлекеттік және ұлттық мүддеге басымдық берумен түйінделеді.

Бұл – өткен тарих.

Ұлт болып ұйысып, Президент Тоқаевтың қасынан табылудың кезі келгені ішкі түйсікпен сезіліп тұр. Қазіргі жағдайды 1990 жылдар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдаймен де салыстыруға болмайды. Ол жылдары тәуелсіз елміз деген қасиетті ұғымның өзі мұз жарғыш кемедей қиыншылықтарды еңсеріп шығуға сеп болғаны ұмытылған жоқ. 1990 жылдар мен қазіргі уақыт арасы жер мен көктей. Сондықтан 1990 жылдардың қиындығын алға тартып, халықты сабырға шақырумен мәселе бітпейді. Қазір жағдай ушығып кетті. Экономикамыздың кемшін тұстары әр-әр жерден білініп қалып жатыр. Жүректің сыздауына себеп болатын құбылыс¬тармен қоса, қауіпті дерт көп замандастарымыздың қатарын сиретіп кетті. Індет еліміздегі байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті, адамдардың тұрмысы арасындағы алшақтықты ғана емес, біздің мүмкіндігімізді де көрсетіп берді. Тәуелсіздігіміздің тарихын бөл-шек¬теп қарауымыздың нәтижесінде біз осы күнге жеттік. Халық Көк бөрі тәрізді дертіне дауа іздеп, сабылып кетті. Мен мұны тура мағынасында айтып отырмын. Басқаша айтқанда, жаңаруға ұмтылу, шегінерге жол қалмағанын және ендігі жерде кемшіліктерді жасырып қалудың мүмкін еместігі белгілі болып қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты алаңға алып шыққан – кедейлік» деген бір ауыз сөзін қазіргі жағдайға берілген баға ретінде қабылдау керек. Бұл – біле білген адамға өте ауыр баға. Ал бұл пікірдің Президент, кәсіби дипломат Тоқаев тарапынан айтылуы басқа жолдың қалмағанын, ендігі жерде тек шындық қана алға жылжуға мүмкіндік беретінін байқатып тұр.

Мына індет көп нәрсенің бетін ашты, кім екенімізді, жаңаның жанталаса жұмыс істегенмен жақсы нәтижелерге қол жеткізудің қиындығын көрсетті. Халық ауызбіршілігі мен бір-біріне деген мейірімін жоғалтып алмапты. Оған тәубе дейміз.

Үкімет құрамына таза ауа керек. ХХ ғасырдың емес, ХХI ғасырдың дағдарыс менеджерлері керек. Өткен тарих өз миссиясын атқарды. Президентіміз маңындағылардан өз бойындағы тазалықпен зиялылықты, саяси мәдениеттілік пен дегдарлықты талап ететінін ел көріп-біліп отыр. Дәл қазір билік басына діліне адал азаматтардың келуі – жаңарудың басы.

Жалпыұлттық мүддені біл¬діру халықтың өзін-өзі танып, бағалану дәрежесін көтеру қабілетімен ғана емес, соны ойдағыдай жүзеге асырудың жолын табу қабілетімен де дараланып тұруға тиісті. «Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен қарым-қатынас мәселесі де «бөлтірік бөрі астынданың» кебін киіп қалмас үшін үнемі назар аударып, арғы жақ-бергі жағын бағдарлап отыруға тиіс басты шаруамыз болып қала беруі керек. Тағдырымыз, арғы-бергі тарихы бір туыс мемлекеттерміз.

Орталық Азиядағы бес мемлекет шын ынтымақты ортаға айналғысы келсе, бағыттарын айқындап белгілегені жөн. Осы тараптағы Президент саясатының ұстанымы ел үшін маңызды деп есептеймін. Мемлекеттің ұлттық мүддеге қатысты саясатын халық білуі тиіс.

Ел басқарып отырған азаматтарға қолдау білдіру халықаралық тәжірибеде бар. Ел көшін бастаған ерлерге қатысты сөз бастағанда әсіре- мақтаулардан аулақ болсақ екен деймін. Орыстарда «Жалған мақтаудан өлі сөздің иісі шығады» деген сөз бар. Мақтан мен жағымпаздық арқылы Мемлекет басшысының айбынын асырамыз деген ұғым келмеске кетті.

Қазір Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үшін халықтың сенімінен артық күш жоқ болар. Халықтың Президентіміздің қасында шындықты сүзгіден өткізіп жеткізетін сарай жыраулары емес, ой салатын, шындықтың бетіне тура қарайтын азаматтар жүрсе екен деген талабы заңды.

Ел мен ел басқарып отырған тұлға арасындағы байланыс, табиғи үйлесімділік алға жүруімізге жол ашып, ұлт болып ұйыстырады. Екі арадағы байланыстың индикаторы – сенімнің деңгейіне қарап өлшенеді. Қазір қазақтың жерінің біртұтастығына көзінің сұғын қадап отырған сырт күштер жетеді. Қазақты қазақ қана тығырықтан алып шығады.

Тәуелсіздік үшін күрес енді бас¬талды. Елдің аманатын жауапкершілігіне алған азаматқа сенім білдіретін кез келді. Ең бастысы, ел сенімін сезіну Президент үшін де маңызды фактор.

Мұрат ӘУЕЗ

мемлекет және қоғам қайраткері

https://egemen.kz/article/243216-khalyq-seniminen-artyq-kush-dgoq