Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
Здесь и сейчас
27.06.2020
Просмотров: 697

Алматыда Әуезовтің қайтқан күнін еске алды

Ұлы жазушы мәңгілік дамылдап жатқан Райымбек даңғылы бойындағы ескі зиратқа кезінде Абайдың сүйікті ұлы Әбдрахманның сүйегі аманатқа қойылғанын ешкім біле бермейді. Мұхаңмен бірге мұнда Қаныш Сатпаев, Шәкен Айманов, Ілияс Омаров, Күләш Байсейітова, Қасым Аманжоловтардың да жүрегі мәңгі тыныстап жатыр, деп жазады Egemen.kz

Бүгін заманамыздың заңғар жазушысы дүниеден озғанына 59 жыл болды. Әуезовтің жаназасында сөз сөйлеген Ғабит Мүсірепов: Әуезов бізге орнын емес, артында қалған бай мұрасын қалдырып кетті. Әуезовтің орнын ешкім баса алмайды, деген екен.

1970 жылдардың орта шенінен бастап о дүниелік болған қазақтың игі жақсыларының Кеңсай зиратына жерлене бастаған күнінен бастап бұл қорым биліктің көзінен де, көңілінен де таса бола бастады. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының мардымсыздығынан зират күтімі туған-туысқандарының мойнында қалды. Кейінгі толқын тарихи құндылығын естен шығарып, орыс зираты деген көзқарастың жетегінде кете ме деген қауіп те жоқ емес.

Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов бұл күні артында қалған ұрпақтарынан басқасының еске алып, басына жан бара бермейтінін айтады. Хакім Абайдың 175 жылдығында Семейде – Қарауылда – Абай болса, Алматыда Әуезов болуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай тұр.

Қазақтың маңдайалды азаматтары жерленген қорымды мемлекет өз қамқорлығына алар кез келді: туысқан Әзербайжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі – шаһиттер қабірстаны, екіншісі – ұлттық пантеон. Олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қалыптасып кеткен. Осы үрдісті өзбек, түрікмен бауырларымыз да қолға алды. Жазушылар одағы, Алматы қаласының әкімшілігі осында жерленген қайраткерлердің картасын жасап, оны айшықты жерге орнатып қоятын кез келді. Күні ертең мемлекеттілігіміздің қалыптасуының басы-қасында жүрген тұлғаларымыздың нақ осы қорымда жерленгені естен шығып, қатардағы зират есебінде қалуы әбден мүмкін. Мұнда жерлеу рәсімдері күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Күні ертең Әуезов – Сатпаев, Аймановтардың бейітіне апарар соқпақ та темір қоршаулардың ортасында қалуы мүмкін, дейді.

Әуезовтің артында қалған ұрпақтары бүгін жылдағы дәстүр бойынша жазушының басына барап, әруағына құран бағыштап, әке рухымен тілдесіп қайтты.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ