Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
Здесь и сейчас
12.11.2019
Просмотров: 660

ҚР ҰҚК Шекара қызметі "2022 әскери бөлімі"

Шет пен Шек Әдетте, біз шет деген сөзді жат, бөтен деген мағынада қолданамыз. Сонымен қатар белгілі бір кеңістіктің аяқталып, тұйықталар тұсын түгелдей шет дейміз, мысалы, жердің шеті, қаланың шеті деген сияқты. Шек сөзі де осы тұрғыда қолданылғанымен, мағына-мәнінің реңкі жағынан өзгешелеу. Ол барынша нақтырақ ұғымды береді, яғни кеңістік Шетінің нақты межеленген Шегін білдіреді.

Бүгін осы Шет пен Шектің тоғысқан тұсында болып қайтттық. Шетіміз – Боралдай елді мекені, яғни, қаланың шеті. Шегіміз – Шекарашылар мен Ұшқыш десанттар әскери бөлімшесі. Мақсат – Шекарашы офицерлер мен көгілдір қалпақтылардың Мұрат Мұхтарұлы Әуезбен кездесу-сұхбаты. Діттеген жерімізге межеленген уақыттан 5-10 минуттай ертерек жеткен біздер, жолай сәл шашыраңқыраған ойымызды жинақтап үлгергенімізше, іші адамға лық толы клубтың ішінен бір-ақ шықтық. Сахнаға көтеріле сала, мінбеге шыққан полковник Е.Смағұлов кіріспе сөзін әскери тәртіппен қысқа да нұсқа қайырып, ортаға Мұрат Мұхтарұлын шақырды. Алыстан сермеп, тереңнен тартып сөйлеп машықтанған Мұрат аға әңгімесінің «әуін» сонау көшпенділер өркениеті, пайғамбарлар дәуірінен бастап кеп қалғанда, «әскерилер түгілі, кейде тіпті әдеби-мәдени ортаның көпшілігінің зердесі жете бермейтін тақырыптан бастағаны қалай болар екен?!» деген қобалжудың болғаны да рас. Бірақ кез келген аудиторияның талабы мен қажеттілігін жазбай танитын Мұрат Мұхтарұлы да ғасырлар мен мыңжылдықтар тарихы мен мәдениетін қамтыған сұхбатын егеменді еліміздің шекарашылар қызметінің мазмұны мен сапасының бүгінімен біртұтастықта құрды. Бұл тек қазақ даласындағы атақты билер мен шешендерге ғана тән қасиет!!! Бірақ залда отырған белдескеннің белін, тірескеннің тізесін сындыратындай ер тұлғалы нарқасқа жігіттердің Мұрат ағаның әр сөзін қалт еткізбей, өрлене тыңдағандарын көріп, марқайып қалдым. Отан, ұлт, ұлтжандылық, ерлік деген ұғымдарды бүкіл қантамырларына сіңіріп өскен өр тұлғалы жігіттердің Мұрат Мұхтарұлына қойған сұрақтарынан олардың тілге, тарихқа, елге, оның тұлғаларына деген құрметі көзге ұрып тұрды. Шет пен Шек демекші, қаланың Шетіндегі Боралдайда еліміздің Шегін қорғаушылармен болған бүгінгі кездесу бастау бұлағы Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитовадан тартқан Мұрат ағаның Өр тұлғасы мен шекара сақшыларының азаматтық, намысшыл бейнелерін ашып, оларды бір-біріне жақындата түсті.

Сөзімнің соңында Мұқағалидың «Шекарада» деген өлеңіндегі мына бір жолдарын сіздердің естеріңізге түсіргім келеді:

Міне,

Мен Отанымның шетіндемін.

Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай,

Әрі қарай мекен жоқ жаныма жәй,

Осы жерден шығады күнім менің,

Осы жерден атады таңым арай.

Осы жерден Отаным басталады,

Бақытымның осында тас қамалы.

Көз жетер кеңістікте Шектелгенімен, көңіл-көкірегімізде Шексіз байтақ жеріміз бар болсын, егеменді еліміз бай болсын!

Калдыгул Жаныбаева