Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
03.03.2017
Просмотров: 1675

Құттықтау

Қымбатты менің меркілік аруларым!

Мен сіздерді көктемнің ең жарқын мерекесі-Әйелдер күні мерекесімен арнайы құттықтағым келеді. Меркі жері менің кіндік қаным тамған, алғаш тілім шығып,тұсауым кесілген жер, сондықтан да бұл өңір мен үшін, бүкіл менің отбасым үшін орны бөлек, қасиетті өңір. Жер шарының қай түкпірінде жүрсем де, қандай қызметте жүрсем де, Меркіде өткен балалық шақтың ыстық суреттері, тау-тасы мен өзен-көлінің әсем бейнелері ешқашан көз алдымнан кеткен емес. Бүкіл халқымыздың басына туған нәубет кезеңдерде осы Меркі өлкесі біздің отбасымызға пана болған, бірлігімізді бұрынғыданда бекіте түскен берекелі өлке болды. Мұны мен өз басым ешқашан ұмытпақ емеспін. Сондықтан да аяулы менің ару жерлестерім, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерді қашанда берекенің басы, ырыс пен ынтымақтың ұйытқысы, ізгілік пен мейірімділіктің жаршысы, әсемдік пен сұлулықтың үлгісі деп білемін. Осы келген төл мерекелеріңіз әрқайсыңыздың басыңызға бақ, отбасыңызға береке, еңбегіңізге табыс, тәніңізге сұлулық, деніңізге саулық әкелсін деп тілеймін.

Ізгі ниетпен, өздеріңіздің жерлестеріңіз Мұрат Әуезов деп білерсіздер

Калдыгул Жаныбаева 28.02.2017г. Бір-бірімен тығыз байланысты екі оқиға туралы ойыммен бөліскім келіп отыр.

Кеше ғана Фатима кітабын оқып шықтым. Аңыз Ана, Сенімді Серік, Сезімтал Сүйікті, Асқан Ару, Нәзік Жан - тізе берсең, шегі жоқ. Небәрі 15 жасында Біләл Сүлеев сияқты майталман тұлғаны мойындатқан Фатима ханумның бүкіл ғұмырын ерлікке толы дастан десе болғандай. Қазақтың маңдайына біткен Б.Сүлеев, І.Жансүгіров, М.Әуезов сияқты Үш Дүдүлін табиғатындағы тәкаппарлықпен, тегіндегі бекзаттылықпен, мінезіндегі өршілдікпен табындырған жан. Қазақ әйел затының тән сұлулығы мен жан сұлулығының арасына жік қоя бермеген, қыз қылығымен деген мәтел де содан қалған болуы керек. Фатима ханумның суреттеріне қарап отырып, асқан сұлулық пен осы күнге дейін елдің аузында аңыз болып келген мінез байлығын байқағандай боласың. Дегенмен, де көнерген суреттердің әр жағында қаншама сыр-сымбат, парасат-пайым, бітім-болмыс жатқанын толық тану мүмкін емес. Оны тек Фатима Ғабитова туралы қомақты кітаптың парақтарынан, күнделік беттерінен, үш дүлдүлге, балаларына жазған хаттары арқылы ғана зерделей аласың. Кітаппен танысуға мүмкіндік берген Мұрат Мұхтарұлына алғысым шексіз.

Өткенде әдемі бір кездесудің куәгері болғаным туралы жазған едім. Бүгін сол шараның жалғасы іспетті тағы бір кездесудің ортасында болып, Мұрат Әуезовтің өзінің анасы туралы кімді де болса толғандырмай, толқытпай қоймайтын терең ойларын, тағылымды әңгімелерін тыңдау мүмкіндігі туды. Әу дегеннен әңгімесін сонау алаштықтар тарихынан, Біләл, Ілияс, Мұхтардың сол тарихта алатын орындарын бағамдаудан бастаған Мұрат аға Фатима Ана туралы толғанысына асықпай кірісті. Салиқалы әңгіме, орнықты ой толғаулардың орнын тамшыдай да пайдасы жоқ жиындар мен толып жатқан ура-талқылаулар басқан бүгінгі таңда осындай танымдық тақырыптағы тағылымды әңгімені тыңдауға жиналған жастарға дән риза болдым. Жастармен өткен осындай сұхбаттарды сыртынан бақылағанды жақсы көремін. Аудиторияның ынта-ықыласы әп-сәтте-ақ белгілі болады, қызығушылықтары арта түскен сайын жалынға жалын қосылып, көздері күлімдеп, жүздері алаулап шыға келеді, температура да өзгеріп сала береді. Міне, бүгін де дәл сондай арманшыл жастың сеніміне еніп, сезіміне түрткі салған, жан дүниесіне жол тапқан керемет кездесу болды. Табиғат аса қаһарын көрсетпесе де, саясат небір құйтырқылықтарын көрсеткен қыстың ең соңғы шуақты күнінде өткен осы шараны ұйымдастырған Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің М.Ғабдуллин атындағы Тұлғатану орталығына, орталықтың басшысы, атақты Құдайберген Жұбановтың ұрпағы Дана Мұқатоваға мың да бір алғыс дегім келеді. Қашанда шәкірт ризашылығына бөлене беріңіздер!