Времен связующая нить

Всего статей в разделе: 68
02.10.2020
Просмотров: 34

Мұхтар Әуезов «ЯПОНИЯ»

«Япония» – Мұхтар Әуезовтің 1918 жылы 21 жасында жазған мақаласы. Мақала «Абай» журналының 1918 жылғы № 4, (10 – 11-бб.), № 5, (14 – 16-бб.) сандарында жарияланыпты. Соңына «Мұхтар» деп қана қол қойылған мақаланы біз көзіқарақты, көкірегі ояу жұрт ден қоя оқыса екен деген тілекпен жариялап отырмыз. Өйткені мақалада 1868 жылғы Жаңа құрылыстан басталған жапон елінің тарихы ғана емес, оның қазаққа үлгі боларлық жолы, өнегесі барынша баян етілген. Жас Мұхтар өзінің замандастары мен бүгінгі бізді де Алаш ардагерлері жақын тартқан Жапонияның дамуы мен өркендеуіне шақырып тұрғандай үн қатады. Бұл мақаланы Мемлекет басшысынан бастап бәріміз жата-жастана оқып, жадымызға мықтап түйіп алуға тиіспіз. Қажет десеңіз, біз жас Мұхтардың «Япониясын» ішкі-сыртқы саясатымыз бен экономикамызда, ғылым-білім саласы мен мамандар даярлау ісінде пайдаланып, идеологиямызға сіңіруіміз керек дегенді айтар едік.

Бас редактор.

P.S. Мақаланың кейбір жолдары мен жекелеген сөздерінде көрсетілген белгілерге байланысты М.Әуезовтің 50 томдығын дайындау барысында қолжазбалар бойынша жұмыс істеп, ыждаһаттылық танытқан әдебиетші-ғалым, филология ғылымының кандидаты, «Әуезов үйі» ғылыми- мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері болған марқұм Талатбек Әкімнің ғылыми түсініктемелерін ықшамдап бергенді жөн көрдік.

Бұл күнде қай халық тәртіпсіз1, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып2, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын оңай жұмыс емес. Бұрынғы бірбеткей айласыз, ғылымсыз қара күштің заманында ілгергі дәрежеге тез жету халықтың өз еңбегімен, басшының епті саясатымен ғана әзер болатын. Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуі¬не себеп болатын жүз тараулы шарттар бар. Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, мал¬ды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады.

Бұл тарихта һәрбір жетілем деп талпынған жұртқа неше жүз жылдардан бері қарай құлағын бұрап, жаттап келе жатқан тарих болғандығы – бір негізі. Бірақ тарихтың осы айтылған жолы Японияға келгенде өзгеше бір рақымдылыққа түсуі, өзі демеп, бойын зорайтып, көркейтіп, қалпына бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр.

Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жа¬ры¬ғынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шы¬ғуына себеп болған нәрсе – өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығымен пайдаланғысы келген қомағайлығы болды3.

XVIII ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Еуропа пат¬ша-лық¬тарының саудасы қызды, бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды. Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды. Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң, оларға өткел бермегісі келді. Бұған бастығы Америка болып, Еуропаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды4. Бұл оқиға 1853 жылы болды5. Японияның бұларға қарсы бетке ұстайтын қаруы болмады. Көп айлалы, қомағай, білімді жұрттардың ортасына түсіп, өзіндігінен айрылып, халыққа жем болатын уақыт келді. Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді. Бұл жаңалықтан бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы ханда Сиогундікі7 болатын. Сиогундарды әуелде патша сайлайтын болса да, соңғы уақытта Сиогундар күшейіп кетіп, Тоқугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды8. Сиогундардың көбі бір жағынан патша секілді халықтың бар міндетін артқан кісісі болмаған соң, екінші жағынан қолында үлкен күш болған соң, халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеді. 68-жылдың бір жаңалығы: сол сиогундардың ең соңғысы Тоқугава Кэнки деген кісіні жаңалықты бастап жүрген халық қамқорлары орнынан түсіріп, Сиогун деген дәрежені жоқ қылды. Бұдан соңғы бір жаңалығы: бұрын Японияда һәрбір тайпаны бір даймиос, яки князь билейтін9. Бұлардың бәрі де қол астындағы халқынан алым алып, қолдарына көп батырлар, яки ғәскер сақтайтын. Бұлардың өзі білімсіз, өзі жуан болған соң, елге келтіретін зияны көп болады. Жаңалық оларды да орнынан домалатты. Бірақ Японияның бетін түзеп алып, ретке кіруге аяқ басқанын 68-жылдан бері қарай деуге болмайды. Бойға сіңіп қалған надандық мысқалдап шыққанша, ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығы жеңгенше, бірталай жылдар өтті. Японияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталды10. Бұл — Японияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты. Ал басқа жұрттардан үйреніп, фабрика, завод ашып, солардың ғылымдарын өздеріне жұқтырғысы келгендік сногундар заманында да бар еді.

Японияның жаңалықтан кейін ұзап, ілгерілеп кетуіне себеп болған — екі уақиға дейді. Японияның Маркиз Ито деген президенті11 (министрлер советінің бастығы). Бұл кісі Японияның ең көрнекті халық басшысы, өзге жұртты Япония жатырқап жүргенде, бұлармен араласуына, ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуомы Итоның12 мұндағы көрсететін уақиғаларының бәрі – Япониядағы патшалық түрі өзгергені. Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді13. Японияда 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы14 бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды. Мұның себебінен халыққа әділ билік орнады. һүкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. һүкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды.

Японияның ілгерілеуіне екінші себеп болған нәрсе — 1894 жылда болған Қытай-Япон соғысы15. Бұл соғыстан кейін Япония ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді. Мысалы: 1880 жылы Японияның сауда пароходы 310 еді. 1899 жылда 1221 болды. 1888 жылда Японияға кіретін һәм одан шығатын бар пұлдың бағасы 98 миллион иен еді (иен 1 сом 29 тиын). Бұл 1900 жылда жарты миллиардқа барды. Оқу жолында 1901 жылдағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргенінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды. Бұл – талап. Сол талаптың осындай жемісі һәр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол бір сабақ. Жаңалық басталғаннан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады16. Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Еуропа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды. Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат (дипломатия) қандай, – солардың һәр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойны-қоныштарына толтырып әкеліп отырды. Японияның һәрбір Еуропа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді. бір деген профессордың айтқан сөзі мынау: «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ ол уақытта өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын»17, – деген.

Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәртүрлі өнерліге, һәртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Еуропада мол. Сол себепті олар күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері бай¬қал¬ған адамдар болса, қызметтеріне кір¬гіз¬беді. Бұл уақытта Японияда жаттан келген профессорлар да, өнерлілер де жоқ деуге бо¬лады. 1900 жылдағы есепте Японияда тұрған жат профессорлардың саны он шақты-ақ болған. Бұлардың азаюының себебі Япония өзінен білгіштер шыға бастаған соң, жат адамдарды бір-бірлеп шығарып орындарына өз кісілерін қоя бастады. Японияның патшасы министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай, Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне әлгілер алдымен өздері көмекші болып тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады.

Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, біл¬гіштерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күш¬т¬і болуына зиянды болатын болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтіріп алатын болмасын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жаралған халық болды. Япония халқы – тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт. Бұл турасында Еуропаның Японияға таңданып айтатын мына бір сөзі бар: «Күнбатыс халқындағы бір мінез – жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Япония адамдарын жас күндеріндегі күн шығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күн батыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болды»18 – деп.

Өткен нөмірде Японияның бұрынғы қа¬раңғы надан күйден не себептермен тез құты¬лып кеткендігін және қысқаша сыртқы түрін жазып едім. Енді сол қараңғылықтан құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісін, Японияға соңғы уақыттарда қандай халифа келгендігі туралы жазбақпын.

Японияның басты адамдарының әуелгі Япо¬ния жетілмей тұрған уақыттағы қатты сақ болып, естерінен шығармаған нәрсесі, – халқының буыны бекіп, піспей тұрған кезде соғыстан аман сақтау болды. Бұл туралы өз араларында айтысып жүрген пікірлері: «сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тарахиат (өнер-білім) аса бағалы болып, еркін өссін»19 деген. Осы себепті сырттан келуші өнеге аларлық адамдарға Японияда қағусыз, соғусыз еркін жол беріліп отырады. Өзге жұрт еркін болғанда, Японияны илеп-билеп кете ме деп қорыққаны көршісі Қытайдың осал¬дығы еді. Осыны ойлап, Қытайды ұйқы¬сынан оятам деп те Япония адамдары көп ең¬бек қылып әуреленді. Ақырында сыртқы аш¬қарақ жаудан қысылып жүріп асығумен Япония ғылымның бірталай сатысына шығып қалды. Бірақ өнер-білім жолында қандай шарықтағанымен мұндай тез қатарға кірген жұрттың ірі жұмыстармен алданып жүріп, ұсақ, пайдалы, жақсы жұмыстардың талайы ескерусіз, солақай қалуы мүмкін еді. Бар мақсаты күшею болған соң, әлгі айтқандай, көп пайдалы жұмыстардың басынан аттап кетпеді деуге болмайды. Ғылым, қуат қай жұртка болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала кою мүмкін жұмыс емес. Мұндай бірбеткей сыңаржақ қалғандық Японияның ішкі хал-жайын тексерсек көрінеді. Әуелі Япониядағы оқу жолын қарастырайық.

Япония һүкіметі жаңалық кірген соң-ақ халық жалпы оқуға міндетті болсын деп жарлық шыққан. Бұл жарлық бойынша жасы алтыға толған бала сабаққа беріледі. Япониядағы төменгі дәрежелі мектептер жіті уни¬верситеттер Еуропа үлгісіне ерте түскен. Мысалы, 1880 – 1890 жылдарда Еуропадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды. 1890 жыл мен 1900 жылдардың арасында сол университеттерді бітірген Япония студенттерінің саны 3126 болған.

Япония оқушыларына осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе – Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі20; бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның өз тілін жеңіп кеткендік. Міне, сондықтан Японияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат21, екі басқа. Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі қажет.

Енді Японияның әйелінің хәліне келейік. Бұрынғы уақытта Японияның әйелі елеусіз күйде болып, ескі ата-бабаларының салтымен әйелге өсіп-өну көзімен ғана қарайтын. Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құр¬¬метті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кір¬гізіп барады. Әйелдер үшін төменгі дәрежелі мектептер өз алдына, жоғарғы дәрежелі мектеп¬тер де салына бастады. Японияда әйелдер оқи¬тын мектептердің тәртібі бұл күнде Еуропа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты. Әйел оқығанда бір жағынан үй ішінің шаруасын үйрену керек, бір беткей оқумен кететін Еуропа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді деп, бар әйелдер мектебінде шаруа жағын құнттап тәрбие қылады. Японияда бір мектептегі оқушылар бір-ақ жерде тұрады. Мысалы, бір мектепте бес жүздей кісі болса, жиырма-жиырмадан топқа бөлініп һәр топты басқаруға бір үлкен қатын қойылады. Бұл қатынды бір топтың ішіндегі қыздар шешесіндей көріп, өз араларында апалы-сіңілі кісідей жақын жүреді. Онан соң күндегі тамақ дайындау, кір жуу, үй тазалау және тиісті басқа шаруа, есеп-қисап – бәрі ол қыздардың мойнында болады. Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі.

Өзге Еуропа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын бір нәрсе – Японияның діні, Япония бір дінді тұтқан халық емес, қашаннан неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт. Бұлар Будда дінін де22, Конфуций дінін де тұтынды23. Мұның үстіне Қытай мен Японияны көбінесе ілгері бастырмауға себеп болған ата-бабасының ескі салтын қуып, жолын ұстау болды. Мысалы, өлгеннің әруағын құрметтеу (культ предков)24. Бұл сияқты әдеттер неше түрлі қараңғы наным, зиянды туғызды. Будда діні сондай салтқа қарсы болатын, бірақ халықты түзеуге шамасы келмей, ол діннің өзі былғанып, бұрынғы таза¬лық, жақсылықтың бәрінен айрылып қалды. Конфуций діні ескі ата-бабаларының да сал¬ты¬мен алысты, оның да әсері артық сіңбеді. Еуропа әсері де ата-бабаның ескі жолын әбден жоя алмай отыр.

Ескі салттың күші неке, талақ, мирас жол¬дарында аса айқын көрінеді. Мысалы: Япония халқының ұғуынша: «Дүниеде артында бала қалмағаннан жаман нәрсе жоқ». Сондықтан бала таппаған қатынды шығаруға жол бос. Қатын бала таппайтын болса, тұқым үзіледі, тұқым үзілсе, ата-бабаның әруағы ұмытылып кетеді дейді. Және Японияда атаның қанын өзгертпеу керек деген бір әдет бар. Қатын ал¬ғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу керек. Басқа атаның қызын алса, қан өзгеріп кетеді-міс. Қатын жүріс қылып, осалдығы білінсе де, шығарып жібереді. Себебі әйелдің мінезі бұзылды, еріне қиянат қылды емес, атаның қанын бұзғысы келді деп шығарады. Бұл әдеттер осы күнге шейін күшті. Японияның оқығандары ескі салттан жерініп, көбі басқа дінге шығып кеткен. Кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталайы Еуропа философтарының жолдарын тұтынды. Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні25. Бұл күндегі оқып жүрген шәкірттерге ешбір дінді зерттеп оқытпайды.

Енді Японияның баспасөзінің жайына келейік. Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардын шамасында26. Газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды. XVIII ғасырдың басында Японияның ең алғашқы газеті шыққан27. Ол уақытта Японияның Қытайдан басқа жұрттармен қатынасы, хабары болмайтын. Ол уақыттағы газеттерде керекті мағлұмат берерлік ешнәрсе болмайтын, оның үстіне тақтайға басылып, алып жүруі де ыңғайсыз болатын. Жаңалыққа шейін баспасөз сол газеттер маңа¬йы¬нан ұзай алған жоқ. Жаңалықтан кейін 1899 жылда шығатын газет-журналдың 978 болған. Бұлардың ішінде саяси, ғылыми, әдеби, діни жолдарын тұтынғандары да бар. Газет, журналдың саны болмаса, Япония әдебиеті аса гүлдене алмаған. Японияның әдебиеті бас-талғалы талай заман болды. Бұл күнге шейін тұтынып келе жатқаны – ескі әдебиеттің жолы. Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе – Японияның әдебиеті. Бұл турада Япония жайын жақсы білген адамдар: «Япония өзге жағына сонша бой салып, әдебиетке айналысуға қолы тимеген»28, – дейді. Сондықтан Японияда адамның адамшылығын түзеп, дүниенің терең мағынасын ұқтыратын кітаптар аз. Бірақ бұған қарап Япония оқығандары терең ғылымнан хабары аз деуге болмайды. Япония оқымыстыларының Еуропа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар. Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқи¬тын «сейсмология» ғылымына Япония білгіш¬тері¬нен жетік Еуропада оқығандар жоқ деп саналады. Бұл ғылымға әуелгі жетік болған Секия. Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүрген адамдары бар.

Мұхтар.

  1. «Бұл күнде қай халық болсын тәртіпсіз…» – бұл жерде: заңсыз ілгері дами алмайды – деген мағынада айтылып отыр.

  2. «…елеусіз қалыптан асып» – отаршылдық езгіден, кемсітуден, ескерусіздіктен құтыла алмайды – деген мағынада.

  3. «…Жапонияның надандығын пайдаланғысы келген қомағайлығы болды» — Жапония жағалауына 1342 жылы Португалияның, 1581 жылы Испанияның кемелері келді. Одан кейін еуропалықтар мен америкалықтар із тастады. Олардың қай-қайсысы да Жапонияны отарға айналдырғысы келді. Бұл пиғыл жапондықтардың қарсылығын туғызды да, жат елдермен емін-еркін қарым-қатынас жасауға тиым салынды.

  4. «Бұған бастығы Америка болып, Еуропаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды» – Жапония: өзге елдердің сауда кемелерін өз жері арқылы Қытайға өткізуден және өз еліне басқа елдің саудасын енгізуден бас тартқан болатын. Бұл шартты Америка мен Еуропа елдері бұзуға мәжбүр етті. М. Әуезов соны мегзеп отыр.

  5. «Бұл оқиға 1853 жылда болды» – Осы жылдары Жапония АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің зорлық-зомбылығына ұшырады. Олар шет ел кемелерінің кіріп-шығуына кепілдік алды, сөйтіп шетелдік тауар айналымына араласуға жапондықтарды еріксіз көндірді. Шаруалар мен сауда-өнеркәсіп иелері, самурайлар сёгундық билікке қарсы күресті. Олар тек 1868 жылы ғана жеңіске жетті.

  6. «1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүниежүзіне келді» – сёгундық мемлекеттің құлауы туралы айтып отыр.

  7. «Сиогун» – князь, ақсүйек әулеті, төре.

  8. «Тоқугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды» – Хидаёси Тоётоми өлгеннен кейін ел билігін Иэясу Тоқугава алды. 1603 жылы ол өзінің әулетін «Тоқугава сёгун» – деп жариялады. Оның әулеті елді 1867 жылға дейін билеп тұрды.

  9. «Бұрын Жапонияда һәрбір тайпаны бір даймиос биледі» – даймиос-губернатор, әкім.

  10. «…ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталды» – 1868 жылдан кейін жаңа үкімет елде бірқатар саяси және әлеуметтік өзгерістер енгізді, 1880-жылдардың ішінде кәсіпорындарды салу жөніндегі шығынды мемлекеттің өзі көтерді. Бұл саясат буржуазия мен монархиялық мемлекет арасындағы байланысты күшейтті. Ғылымға, өнерге кең жол ашылды.

  11. «Жапонияның Маркиз Ито деген президенті» – (анықталмады).

  12. «…ғылымға аяқ басуына себеп болған Херобуоми Ито» – (анықталмады).

  13. «Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді» – Саяси жағдайды шиеленістірмеу үшін үкімет жұртшылыққа жеңілдік жасады, император атынан қонституция жарияланды, мұнда монархтың өз құқықтары ерекше кеңейтілді де парламенттің өкілдіктеріне шек қойылды.

  14. «Жапонияға 265 жылдай патшалық құрып келген тұқымның ақырғы патшасы бұл жаңалыққа көніп, өзі орнында қалды» – Тоқугаваның әулеті 1868 жылы биліктен айрылғанымен императорлық құкын сақтап калды Ол жаңа қонституцияны еріксіз мойындады.

  15. «1894 жылда болған Қытай-Жапон соғысы» – Жапониядағы билеуші топтар агрессиялық саясат ұстанды. 1876 жылы Кореяға соғыс жариялап, оны әділетсіз шартқа қол қоюға мәжбүр етті. 1894 жылы шаруалар көтерілісін әскери күшпен басты. Бұдан кейін Қытайға соғыс жариялады. Сөйтіп Қытайдың көп жерлеріне иелік жүргізді.

  16. «Жаңалық басталғаннан-ақ Жапония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады» – 1868 жылдан кейінгі еркіндік саясатын айтып отыр.

  17. «Біз күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайын тұруымыз керек, бірақ сонымен қатар өзіміздің жақсымыз да ұмытылмасын» – (анықталмады ).

  18. «Күнбатыс халқындағы бір мінез – жас күндерінде адамдары зейінді, талапты болып келіп, үлкейген соң талабы азайып, зейіні солғындап, істен қала беруші еді. Жапония адамдары жас күндеріндегі күншығысқа тиісті зейінді талаптылыққа үлкейгенде күнбатыс халқының тарамыс ісшілдігін қосып алатын болады.

  19. «Сыртымыз басқа жұрттармен тату, сыпайы болсын, іштен тұрқы (өнер-білім) аса бағалы болып еркін өссін» – (анықталмады.)

  20. «Қытай мен Жапонияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кетті» – жазу таңбаларының ұқсастығы – қытай мен жапонның әдеби тілінің ортақ қалыптасуына әкеп соқтырды. Оны XIII ғасырда өмір сүрген атақты ақын Ли Боның шығармашылық үрдісінен көруге болады. Ол Жапонияда туып өсті, ал шығармаларын қытай тілінде жазды.

  21. «Жапонияның кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат» – Жапон тілі ешқандай тілдердің тобына қосылмайды. Әдеби тілі Токио диалектісінде қалыптасқан. Бұрынғы ел билеушілері ресми тіл ретінде қытай тілін жиі қолданып, оның ыкпалы соңғы уақытқа дейін сақталып келді. Жапондардың әдеби тілі мен сөйлеу тілінде алшақтық бар – дегендегі негізгі пікір осыған барып тіреледі. 21. «Бұлар Будда дінін де…» – Будда дүниежүзіне кең тараған діннің бірі. Бұл дін Үнді патшасының баласы Сидхартһа Гаутаманың (б. з. д 6—5 ғ.) есімімен байланысты. Келе-келе оны Будда деп атап кетті. Ол – күнәдан арылған, әулие деген мағынаны береді.

  22. «Конфуций дінін де тұтынды» – Конфуций (б. з. д. 551– 479) – қытай философы. Оның ғылымының негізі – адамгершілік, адамды сүю, әділ билік. Оның ілімі, уағыздары дін ретінде де мемлекеттік заң ережесі есебінде де қолданылды.

  23. «…өлгеннің әруағын құрметтеу (культ предков)» – Бұның екі мағынасы бар: біріншісі – Дін- ғибадат; екіншісі – табыну. Ал жапондарда өткен әруақтарға табыну, құрметтеу басым.

  24. «Жапонияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні» – бұл діннің елге қалай келгендігінің тарихы мақалаға берілген түсінікте айтылды.

  25. «Жапонияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардын шамасында» – Бұл ұлттық баспасөздің дәуірлеу кезеңі еді. Мысалы: «Майнити» – 1872 жылы «Иомиури» –1874 жылы, «Ниси Нихон симбун» –1874 жылы, «Акита сакигака симо» – 1874 жылы, «Нихон кэйдзей» – 1876 жылы, «Асахи» – 1879 жылы шыға бастады.

  26. «XVIII ғасырдың басында Жапонияның ең алғашқы газеті шыққан» – Алғашқы газет тақтай бетіне жазылған. Оны шығарушы Харунобу (1725 –1770).

  27. «Жапония өзге жағынан онша бой салып, әдебиетке айналысуға қолы тимеген» – (анықталмады). Талатбек ӘКІМ, филология ғылымының кандидаты

//Қазақ әдебиеті.-02.10.2020 ж.