Времен связующая нить

Всего статей в разделе: 77
05.05.2021
Просмотров: 718

«МӘҢГІЛІК ДЕМІ – ТӘҢІРДІҢ ЛЕБІ»

Автордан: Аталмыш мақала 1976 жылы «Аз и Я» кітабына қатысты қудалау басталған кезде орыс тілінде жазылған болатын. Мақала осы кітапты даудан арашалап қалу мақсатында жазылған.. Мұны ол кездері жарыққа шығару мүлдем мүмкін емес еді. Жиырма шақты жылдан кейін орыс тіліндегі нұсқасы «Новое поколение» газетінде жарияланды, ал қазақша нұсқасы ширек ғасырға жуық уақыттан соң, Олжекеңнің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шыққалы отыр. Арада соншама уақыт өтсе де, мақаладағы әр сөзіме алып-қосарым жоқ.

Олжас Сүлейменовтың жаңа кітабы соңғы жылдары төл әдебиетімізде тіліміздегі ғажап эпитеттерді кездестіре алмай, шөлдеп қалған қазақ оқырманын сол байлықпен қайта қауыштырғандай болды. Алдымыздағы кітап – теңдесіз көркем шығарма. Кітап Олжас Сүлейменовтың онсыз да биік ақыл-парасатын, әдеби ілкі мәдениеті мен ғылыми ойлау жүйесін һәм бүкіл дүниетанымын барынша байытып, асқақтата түседі. Қанына сіңген әділеттілік пен бойындағы батылдық және «тарих-филология ғылымдары саласындағы тобырлық таптауға» қарсы күрес жазушының этикалық болмысын ашады. Олжас Сүлейменовтың кең тынысты поэтикасы, табиғи дарыны мен жүрек қағысы кітаптың өн бойында айқын көрінеді. Кітап жанры жағынан қалыптасқан ешбір анықтама шеңберіне сыймайды. Автордың дархан танымы мен кәсіби біліктілігін айтпағанның өзінде, оның логикалық жүйелілігі мен ғылыми дәлелдеу нақтылығын талай академиялық еңбектерге үлгі ретінде алуға болады. Ал шығарманы оқырманның жан-дүниесіне әсер ету жағынан қарастырсақ, оны толыққанды көркем шығарма деп айта аламыз және бұл жағынан шығарма ақынның әлемді мойындатқан «ойлы поэзиясынан» еш кем түспейді. Ойлау жүйесіндегі поэтикалық және ғылыми бастаулардың арақатынасы проблемасы кітапта бірнеше рет көтеріледі. Автордың осы екі бастауды үнемі бір-біріне қарама-қарсы қоюға деген қарсылығы кітаптың негізгі тізгін-қағары, қамшылаушысы десек, мүлдем қателеспейміз.

Олжас Сүлейменов бір монолыгында «Неліктен екенін білмеймін, поэзия – ақымақтау, ғылым – ақылдылау» деген көзқарас қалыптасқан. Ақымақтың өлеңдері аңызға айналмайтынын ұмыттыңыздар ма?» – деп толғанады. Расында да, «Ғалым» мен «Ақын» ұғымдарының түбі бір екенін ұмыттық па? Бұрын екеуі бір сөзбен аталған: Еуропада оларды әртіс десе, Орта Азияда – челеби (ежелгі түрік тілінде «Тәңір» деген мағынаны береді) деп атаған. Омар Хайям атақты математик болған, осы салада үлкен трактаттар жазған. Оның әйгілі төрттаған рубайларының пайымы мен пішімінің формула іспетті жұп-жұмыр, шымырлығы ақынның математикалық дарындылығының салдары болуы әбден мүмкін. Әл-Фарабиды алып қараңыз, ол да ұлы поэзия мен философия һәм математиканы тоғыстырған тұлға емес пе? Олардың бәрі кім болды? Ақын ба, әлде ғалым ба? Бөліп-жара аласыз ба? Челеби. Дүниенің жұмбағына бойлап, оның тетігін сезіне алатын түрткі ойдың адамдары. Орта ғасырларда Орталық Азияда ғылым арқылы нан табу мүмкін емес еді: Омар Хайям мен әл-Фарабидың даралығы – олардың «таным бақытына» жетуі. Miнe, Олжас Сүлейменов те бойындағы айрықша қабілет пен ақыл-парасаты арқылы дәл осындай даралыққа жетіп отыр.

Әйтсе де, ол дүниенің жұмбағына бойлап, таныған челеби ғана емес, ол – шындыққа өзгеше өң беріп, мазмұн бітірген дарын. Оның кітабы оқуға жеңіл де түсінікті. Кітаптың шын мәнінде жасампаздық қуатын сезінбеу мүмкін емес. Бұған тек сана формалары сараланған ғасырда қалыптасқан шарттылықты көркем шығармашылық жолдарымен бұзу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Нәтижесі – көз алдымызда. Кітапты оқи отырып, жерасты дүбірін, табаныңның астындағы топырақтың тербелісін, тектоникалық қозғалыстар мен жаңа таулардың көтерілгенін сезінгендейсің... Сүлейменов Інжілдегі «Бәрі Сөзден басталады» деген ақиқаттың метафоралық сипатын сылып тастайды. Ол оқырманғаадамзат ақыл-ойының сөлі – Сөздің әрекет қуатын қайтарады.

Кітаптың мазмұнын баяндап беруге тырысу тасқынды суды аквариумға сыйдырумен парапар болар еді. «АЗ и Я»-да Олжас Сүлейменов алуан қырлы бітімімен танылады және де оның болмысын қарапайым түрде тізіп шығу мүмкін емес. Ол біріншіден – славист, түркітанушы, шумеролог; екіншіден – тарихшы, лингвист, әдебиеттанушы, философ; үшіншіден – этно¬граф, палеограф, шежіреші; төртіншіден – ақын, драматург, публицист, ең бастысы – азамат, қоғам қайраткері және т.б. Бір адамның бойына біткен осыншама дарын – Қайта өрлеу дәуірі тұлғаларына тән қасиет. Ақын «Игорь жасағы туралы жырдың» «күңгірт» тұстарын мұқият зерделейді. Орыс әдебиетінің XII ғасырдағы ұлы жәдігері саналатын осы поэманың жазылуына түркі тілінің тікелей қатысы болғандығын дәлелдеуі қазақ оқырманы ретінде менің жан-жүрегімді ерекше жылытады. Әсіресе, ақынның «Жырдың» алғашқы поэтикалық тұма сөздігін жасауға деген талпыныстары ерекше сүйіндіреді. Әртүрлі шөгінді қабаттардан аршылып, тазаланған «Жыр» көз алдымызда биік драмалық үні бар монолитті, қабырғалы туынды ретінде бой түзейді. Олжас Сүлейменов поэма көтерген «Өзіңдікі дұрыс емес» деген ең басты адамгершілік проблеманы ашып көрсетеді. Бұл – орта ғасырдағы әлем әдебиетінде этникалық біржақтылықты жеңуде сирек кездесетін жайт, мұндай батыл әрекетке өз халқын бүтін бір адамзаттың бөлігі деп санап, сүйетін нағыз суретші ғана бара алады.

Славистиканың қатпарларын ақтарып, жалған ғылым мен өрісі тар патриотизмнің жасанды тіректерін паршалай отырып, Сүлейменов ақиқатты ашады. Бірақ оның байырғы түркологиялық арнасы отандық түркология кеңістігіне шыққан кезде, жауынгерлік рух жаншылып, күлкі келемежге, ақиқатты ашу ағартушылыққа ауысады. Ақынның «Заманның қайшылықтарына қарамастан, сөздің басын шүмер-түрік байланыстары туралы әңгімеден бастасам ба деп едім, өкінішке орай, түркологияда жалпы ортақ мәселелердің басы ашылмай, жекелеген нақты мәселелерді шешу мүмкін емес» деген сөздерінде өзегіңді өртер өкініш жатыр. «Шумер-наме» бөлігінде үнді еуропалықтардың тар етігін киіп, Будданың аяғына сыйынған түркологияның «етікшілеріне» уытты сөздерін найзағайша жарқылдатқанымен, жалпы сөз ырғағы түбегейлі өзгереді. Мұнда нәсілдік және ұлттық наным-сенімдерден ада нағыз ғылыми түркологияны құруға деген бастамашылдық жатыр.

Сүлейменов түркология кеңістігіндегі өзі белгіліген жолын шумер лексикасының қойтастарымен түзеді, оларды түркі сөзінің «өшпейтін құрылымымен» байланыстыра отырып, екі тілдің мәдени туыстығы туралы болжамын жасайды. Кітапта ұсынылған шумер-түркі лексикасын салыстыру кестесі – нағыз лингвисттің қажырлы, адал еңбегінің нәтижесі. Ол кесте Сүлейменовтың байырғы түркі және шумер тайпаларының біртұтас мәдени аймақ құрамында бірге өмір сүргендігі туралы болжамын растайды. «Шумер-наме» ілкі ғасырлардың бағанындағы көптеген сұрақтарға жауап іздеп, шумер-түрік байланысы мәселесін одан әрі зерттеуге түрткі болды. Сүлейменов бес мың жылдық тарих қойнауынан адамзат тарихындағы алғашқы монотеистік дін, түркі-монғол көшпелі тайпаларының рухани өзегі – тәңіршілдіктің алтын жібін тартып, өзінің жемісті бағытын тамаша көрсетеді. Дәл осы тұста кітаптың екі бөлімінің оқиғалық желісі тоғысады. Сүлейменов «Игорь жасағы туралы жырдағы» ұлы князь Святослав Всеволодовичтің өзінің тәңірлік дәстүр бойынша жерленгені туралы көрген түсін еске түсіреді. Сөйтіп, ақын кітаптың композициялық шешімін түйіндейді. Бөлімдердің түйісуі шығарманың бірізділігі мен логикалық аяқталғандығын көрсетіп, оның кеңістігін аша түсті. Түркі этносының бірнеше мыңжылдықтар бойы Еуразия құрлығы халықтарымен мәдени байланыс сабақтастығын дәлелдейді.

Сүлейменов кітаптың «Шумер-наме» бөлігінде проблемаларды арнайы, әдейілеп көтереді. Мұны өзі жақсы түсінеді, сондықтан былайша ескертіп өтеді: «Түркі тілдерінің тарихын қалпына келтіру жұмыстары енді ғана басталып жатыр». Сүлейменов жас тілші ғалымдарға бірнеше мәселелерді жаңа түркология шеңберінде қарастырып, шешуді ұсынады. Оқшауланған және тұжырымдалған бұл мәселелер тәжірибелі бағбанның бағында жарып шығар дән-дақылдар сияқты. Түркология «...өз бағдарының ең басында тұр». Қолға алған істі Тәңір жарылқасын дейміз! Маған ҚазССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтында шығатын көшпенді түрік тайпаларының эстетикасы жөніндегі жинаққа аккадтық «Гильгамеш туралы эпос» жөнінде зерттеу мақала жазу бұйырды. Мені «қабырғамен қоршалған» Уруктың патшасы Гильгамештің құдіретті досы әрі серігі, «далада туған» Энкидудың бейнесі қызықтырды. Ежелгі Шығыстың ұлы поэмасын мұқият оқыған адамда түрлі әлемдердің бірлігі мен олардың ыдырауы, көшпенді пен отырықшы мәселесі дастанның тірек тақырыбы, ал Урук құдайлары өлтірген Энкидуды жоқтау эпостың ең әсерлі лейтмотиві екендігі жөнінде күмән қалмайды. Сүлейменовтың кітабын оқығаннан кейін «Игорь жасағы туралы жыр» мен «Гильгамеш туралы эпос» арасындағы драмалық желілерді салыстыру мүмкіндігін көрдім. Аккад эпосы Урук құдайларын «Өзіңдікі дұрыс емес» жағдайында анық та айқын айыптайды. Тек сөз, оның құрылымы, мән-мағынасы ғана емес, сол сөз арқылы бейнеленген поэтикалық шығарма да уақыт эстафетасын жеткізеді. Мыңжылдықтар арасын бөліп тұрған екі әдеби жауһарда байырғы толқындардың ыдырауы көркемдік қырағылықпен трагедиялық түрде баяндалады.

«Энкидиадада» «көшпенділік – отырықшылық» мәселесінің рухани рәсімделуі б. з. д. І мыңжылдықтың ортасында Еуразия құрлығы халқының зияткерлік өмірін қозғаған оқиғалардың тарихи аясында қарастырылған. Карл Ясперс «кіндік дәуір» деп атаған бұл дәуір – Қытайдан бастап Элладаға дейінгі аумақтағы әртүрлі халықтардың орасан зор рухани қозғалысын қамтиды. Көшпелі тайпалардың тек қару-жараққа ғана емес, дәруіштердің дүниетанымына да қызығушылық танытуы – пайғамбарлар мен ойшылдардың пайда болуына әсер еткені айқын. Бұл жағдай алдағы тарихи қадамға әсер ететін дін мен философиялық жүйені тудырған мінез қалыптастырды. Әлемдік өркениеттің маңызды кезеңін айқындауға талпынған мәдениет пен философияны зерттеуші тарихшылар сол ежелгі заманға назар аударуы тиіс деп санаймын. Сонымен бірге Сүлейменовтың тарихи уақыттың шектеулі шеңберінде тұйықталмай, сол шеңберді бірыңғай тарихи процестің бөлігі ретінде қарастырған ұстанымының дұрыстығын көремін.

Тарихқа Сүлейменовше қарап, талдау үшін еркін де тынымсыз ізденіс пен жаңа күш-жігердің, тың білімнің қажет екені түсінікті. Бұл – шынайы ғылымға алып баратын жалғыз жол. «Аз и Я» кітабы жарық көргелі, ойлы сөзді дәулет деп білетін сауатты оқырман өзіне деген талапты қайта бағдарлайтынына сенімдімін.

«Рухтанып, көтерілу кезеңі басталды. Біз өзімізді Өзіміз арқылы еске аламыз. Көтерілу үшін өз томарымызды жасап, өз төмпешігімізді қалаймыз ба, әлде алақанымызды жырым-жырым етіп, ауыр да, тікенді томарды сүйрелеген күйі қаламыз ба, бұл, Дала, сенің өзіңнің рухани шарықтау шегіңе байланысты». Сүлейменовтың қазіргі заманғы қазақ мәдениеті жағдайында құрастырған осы төл ұстанымы өзінің шығармашылығында барынша көрініс тапты.

Сүлейменовтың талай рет қайталаған тарих кеңістігін танып, білу қажеттілігі «Олжас Сүлейменов» феноменін түсінуде де әдіснамалық негіз болады деп білемін. Сүлейменовтың алғашқы өлеңдерінің қазақ әдебиетінде тарихи жанрдың қалыптасуына қалайша әсер еткені есімізде. Ол кезде жаңа ғана бүршік атып келе жатқан ұлттық сана болашағын бағдарлау үшін тарихи ретроспективалық білімге зәру болды. Осындай талаптарға сай көркем шығармалар мен ғылыми зерттеулер ел арасында танымал бола бастады. Тарихқа бет бұру ағартушылық сипатта болғанымен, тарихпен танысумен ғана шектелмей, оның арғы-бергі себеп-салдарлары ақтарылып, зерттеле басталды. Қазактың заманауи көркем ойы өзінің сәбилік кезінен өтіп, оқушылық дәуірде тоқыраңқырап, тұрып қалды. Жаңа деректер мен мәліметтер және оларды зерделеу ой еркіндігін талап етті. Бұл жеңіл сынақ емес еді. Тіпті кемеліне келген реалистік қазақ әдебиетінің өзі тарихи тақырыпты игеру барысында тарихи оқулықтарды беллетристика жанрына лайықтап немесе романтикалық өңделген ағартушылыққа бой ұрып кетіп жатты. Бұл тұрғыдан алғанда, тек Сүлейменов қана өзінің поэтикалық дарынының қуаттылығының арқасында мұндай сырқаттан аман қалды.

Дей тұрғанмен, бастапқыда талай сыни шабуылдардың астында қалған бұл қозғалыс барынша прогрессивті және нәтижелі болып шықты. Ол тарихқа, оның өткені мен қазіргі проблемаларына назар аударта отырып, қоғамдық сананың түрлі формаларына үлкен әсер етті. Өткенмен байланыс ұлттық мәдениет ақыл-миының жұмысын жандандырады және оны бүгінгі шындықты нақты және терең түсінуге дайындайды. Біз мұны өз тәжірибемізге сүйене отырып, толыққанды айта аламыз.

Күннен күнге күш жинап келе жатқан даму үдерісі 60-жылдардағы мәдени қозғалыстың алғашқы нәтижелерін қорытындылауға негіз болады. Олардың негізгілері: 1) халықтың рухани өміріне белсенді көзқарас, ондағы процесті көре білу, оның заңдылықтарын білу және қолдану; 2) дамудың өзекті мәселелерін анықтау және оларды өз бетінше түсіну қабілеті; 3) қоғамдық сана формаларының өзара әрекеттесуінің күшеюі, атап айтқанда, тарихи тәжірибені ғылыми және көркемдік тұрғыда игеруде бірлік пен бірегейлікті жүзеге асыруға мүмкіндік берді; 4) жергілікті оқшаулануды жеңу, жалпы адамзаттық маңызы бар тақырыптар мен проблемаларға баса назар аударылуы, ірі тарихи-мәдени санаттар ауқымында ойлау дағдыларының игерілуі; 5) ұлттық және жалпы адамзаттық рухани құндылықтарға қауіп төнген сәттерде жағдаятты талдай білу, қорғану және пікір таластыру. Сүлейменовтың кітабы осы жетістіктердің ең жоғары көрінісі ретінде оларды әрі қарай дамытуға жігерлендіреді.

Бұл кітаптың ғұмырнамасы ұзақ та бай болмақ. Кітап ежелгі заманның Шумер эпосы, Ежелгі түрік қағанатының поэзиясы, «Игорь жасағы туралы жыр» сияқты ұлы әдеби шығармаларын ұрпақтардың есінде жаңғыртып қана қойған жоқ, сонымен қатар оларды зерттеу мен жаңаша оқу әдісін көрсетті. Бұл тұрғыда Сүлейменовтың түзетулеріне ешкім тең келе алмайды. Алда әлі ұлттық мәдениетін танытып, бекіту жолында күресушілер мен бірыңғай адамзат тарихы көлемінде әлем халықтары арасындағы шынайы туысқандықты қалпына келтіру проблемасы тұр. Халықтың өткен жолын бұрмалайтын тарихи «ғылымды» шовинизм мен ұлтшылдықтың қаруы ретінде пайдалану жойылмайынша, өзінің атауы айтып тұрғандай, әлем мәдениетінің бірлігін насихаттайтын «Аз и Я» кітабы жалған патриоттық пен жасанды ғылымға қарсы күресуші, ақиқат жолындағы жауынгердің әскери дабылы ретінде қызмет ете берері хақ.

мақаланы орыс тілінен аударған Қалдыгүл Жаныбаева

// Қазақ әдебиеті.- 14.05.2021 ж.