Времен связующая нить

Всего статей в разделе: 77
09.10.2017
Просмотров: 920

Жарма ауданында Мұхтар Әуезовтің ескерткіші ашылды Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деп жазған еді. Биыл міне сол ғұлама Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы елімізде, оның ішінде қаламгердің туған топырағы Шығыс Қазақстанда кең көлемде аталып өтіп жатыр.

Мерейлі мерейтой аясында Жарма ауданындағы Әуезов кентінде әлем мойындаған тұлғаның еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге жазушының ұлы Мұрат Әуезов, ғалым, академик Ғарифолла Есім, әдебиетанушы, алаштанушы Арап Еспенбетов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров, Семейдегі Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков, әнші, сазгер Естай Әлікеев сынды құрметті қонақтар қатысты. Әуелде Бақыршық аталған кентке алаш ардақтысының есімі 1967 жылы, жазушының 70 жылдығына орай берілген екен. Ал Мұхтар Әуезовтің өзі Жарма ауданындағы алтын өндіретін Ақжал кенішінде болып, деректі очерктер жазғаны белгілі. Ескерткіштің ашылу салтанатындағы сөзін осындай деректермен тұздықтай отырып бастаған аудан әкімі Нұрлан Сыдықов ұлт мақ¬таны-шын ұлықтау шаралары Елбасының «Рухани жаң¬ғыру» бағдарламасы аясында қолға алынғанын атап өтті. Тұғырымен қоса алғанда биік¬тігі 5 метрге жуық, мыстан құйылған ескерткіштің авторы – жас мүсінші Нұрбол Қалиев. Жуықта ғана Абай ауданының орталығы – Қарауылға қойыл¬ған Құнанбайдың алып ескерт¬кішін сомдаған шебер бұл туындыға да үлкен жауап¬кершілікпен қарағанын, екі айға жуық уақытын жұмсағанын айтады. Бір қолында кітабы бар, қазақтың кең даласындай маңдайы сонадайдан жарқырап көзге түсетін, ойлы кейіптегі ұлы тұлға бейнесі көрген жанға өзгеше әсер сыйлайды. «Шы¬ғысқа келгелі бірнеше күн болды. Әкемнің туған жері Бөрі¬ліде, Шыңғыстауда болып, одан кейін Семейде өткен бірқатар тағылымды шараларға қатысып, ерекше күйді бастан кешіп келе жатқан жайым бар. Жарма жұртшылығы тұрғызған мына ескерткіш қуанышымды одан әрі еселей түскені рас. Қараңыздаршы, қандай ғажап! Жоғары деңгейдегі көркемдік бейне. Ой да бар, мұң да бар. Мүсіншіге ерекше алғысымды білдіремін. Әкеміздің көптеген ескерткіштерінің арасынан ойып тұрып орын алатын ескерткіш болады деп ойлаймын», – деді асылдың сынығы Мұрат Әуезов. Бұдан кейін сөз алған Ғарифолла Есім де туындының сәтті шық¬қа¬нын тілге тиек етті. «Мұрат Әуезов осыдан бірер күн бұ¬рын Семейде «ұлыларды құр¬меттейтін халықтың өзі ұлы халық» деген жақсы сөз айтты. Сондықтан сіздерге бас иеміз. Мұхаң не дейді бізге? «Абай жолымен» жүрейік дейді. Абай жолы – халықты даналыққа бас¬тайтын, жақсылыққа, ырыс-берекеге, молшылыққа апаратын жол. Абай жолын¬да болайық, Абайды оқиық», – деді абайтанушы. Алаш¬танушы ғалым Арап Еспен¬бетов өз сөзінде Әуезов есімі, оның соңында қалдырған мұралары ХХ ғасырда да, ХХІ ғасырда өз құнын, өзектілігін жоймағанына ерекше тоқталды. «Бірнеше томдық «әлемдік әдебиет кітапханасының» екі томы ғана қазақтың маңдайына жазылып еді. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» ро¬ман-эпопеясының екі кітабы болатын. Біз сол екі кітапты бүкіл әлемдік руханиятқа қазақ ұлтының қосқан үлесі деп мақтанатынбыз. Осыдан бір-екі ай бұрын Англияның белгілі, бейтарап сарапшылары әлемдегі ең оқылымды деген 197 кітаптың ішінде 12-інші болып М.Әуезовтің «Абай жолы» романы тұрғанын ай¬тыпты. Ендеше, кеңестік дәуірде де, бүгін де Әуезовтің қал-дырған асыл қазынасы ха¬лықпен бірге өмір сүріп келе жатқаны сөзсіз», – дейді ол. Әуезов кентіндегі шараға құр¬метті қонақтар қатарында қатысқан ақын, композитор, әнші Естай Әлікеев: Уа, теңеудің төресі, Кіл жүйріктен озып туған өресі. Өзің жазған ұлы томмен көрікті, Әр халықтың кітап сақтар сөресі, – деп жырдан шашу шашты. Ерекше атап өтерлігі, классик жазушының ескерткішін орнату қаржысын бүгінде Ресейдің Ханты-Мансий авто¬номиялық округінің Сургут қаласында тұратын, сондағы «ЮганСтройТранс» ЖШС-і¬нің бас директоры қызметін атқаратын Әуезов кентінің тумасы Оразхан Қалиев өз мойнына алыпты. Атымтай жомарт азамат жыл сайын Әуезов кентіндегі «Мектепке жол» акциясына қатысып, аз қамтылған отбасыларға мате¬риалдық көмек көрсетеді екен. 2007 жылы 300 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатын жұмсап, ауылдастарына сәулетті мешіт тарту етсе, 2013 жылы 25 миллион теңгеге «Даңқ» мемориалын салып беріпті. Салтанатты шараға сонау Сібірден арнайы келіп, қатысқан кәсіпкер: «Осы жерде өсіп-өндік, оқыдық-тоқыдық. Перзенттік парыз деген болады. Оны ешуақытта ұмытуға болмайды. Қазақты әлемге паш еткен ұлы тұлғаның еңселі ескерткішінің туған жерімде бой көтеруіне үлес қосқаныма шын қуаныштымын» дей келе, тағылымды шараға ұйытқы болған аудан әкіміне ерекше алғысын жеткізді. Өз кезегінде Н.Сыдықов туған жеріне тағзым жасаған жайсаң жанға «Жарма ауданының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Сонымен қатар қаламгердің ұлы Мұрат Әуезовке құрмет көрсетіп, шапан жауып, ат мінгізді.

Азамат ҚАСЫМ «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы

10.10.2017.