Времен связующая нить

Всего статей в разделе: 77
18.07.2019
Просмотров: 578

Бүгін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына қатыстым. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы өтуі тиіс мерейтой бойынша атқарылатын істің ауқымы айқындалды. Арнайы баяндама жасап, белгіленген жоспарларды комиссия мүшелеріне таныстырдым.

Комиссия отырысынан соң, осы жиынға арнайы Алматыдан келген зиялы қауым өкілдерімен жеке кездесіп, ақыл кеңестерін тыңдадым. Мәдениеттанушы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Мұрат Әуезов, белгілі жазушы, баспагер, Лондондағы «Абай үйінің» негізін қалаушы Роллан Сейсенбаев және «Астана опера» опера және балет театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиевпен еркін әңгіме құрдық. Абайдай кемеңгерді зерттеушілер аз емес. Ал енді ұлы ақынның аманатын ақтау үшін, оның тойын қандай деңгейде өткізу керек деген ой бәрімізді де мазалайды. Алдымыздағы ағаларымыз өз ойларын ортаға салып, бірқатар бастамалар ұсынды. Мұрат Мұхтарұлы «Абай көшпенді өркениет күйреп, қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда ең ауыр кезең болатынын сезді. Оның данышпандығы сол, хакім барлық шығармаларында ұлтымызды жаңа заман талаптарына сай болуға үндеді» - деген пікірін айтты.

Алдағы уақытта Абай Құнанбаев туралы көркем фильм түсіруді де жоспарлап отырмыз. Бірақ осы фильммен айналасатын режиссер әрі сценаристер тек жеке табысын ғана ойламауы керек. Абайдың тұлғасын әлемдік деңгейдегі сапада көрсете алатын мамандарға ғана сеніп тапсыру жайында ақылдастық.

Осы айтылғандардың тұжырымдамасын пысықтау үшін келесі аптада Абайтанушылар және кино саласының мамандарымен Алматыда бас қоспақпыз. Жүздесу соңында алақанымызды жайып, Абайдың рухы қолдап жүрсін деген Мұрат ағаның ақ батасын алдық.

Маған өздеріңіздей абыз ақсақалдардың айтқан ақылы қажет. Дидараласу үшін уақыт бөліп келгендеріңіз үшін Мурат Мухтарович Ауэзов, Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев Сіздерге алғысым шексіз!

Актоты Раимкулова

19.07.2019.