Сверх того

Всего статей в разделе: 37
26.08.2019
Просмотров: 525

Тіл мен дін – діл дербестігі

ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- делінген еді.

Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов пен журналист Махат Садықтың әңгімелескен еді.

  • Мұрат Мұхтарұлы, 75 деген жасқа келгенде халқыңызға есеп берген «Ділім» атты кітабыңызда «Тілден де, Діннен де айрылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал Ділден ше?! Одан айрылу мүлдем мүмкін емес, тек сол тіл саулығы, Діл тазалығы, Діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық...», депсіз. Тәуелсіздік алғанымызға да отыз жылға жақындады. Нағыз ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ болдық па? Қазақ «отызында орда бұзбаған, қырықында қамал алмайды» дейді.

  • Көш жүре түзеледі. Ізденістер мен қоғамдық қозғалыстар бар. Үміт пен мақсат айқын. Осының бәрі бүгінгі замандастар жасаған жаңалық емес. Ол Ұлы Абайдан бастау алған қазақ мүддесі. Оған жалғас Алаш азаматтарының қазіргі, бәлкім келешек ұрпаққа қалдырған аманаттары. Бостандық пен Тәуелсіздік тұрғысындағы олардың айтып және жазып кеткендерін тереңнен толғап зерттеуіміз керек. Жаңа заманда жаңаша сын-қатерлер туындауда. Қазақты сақтап қалар бір ғана ұлы күш бар. Ол қазақтың ауызбіршілігі.

Басыңдағы баспаңнан ба мәңгілік?

Қышқа басқан тас таңбаң ба мәңгілік?

Бірге өскен бауырың ба мәңгілік?

Адамдарды бір-біріне айдап сап,

Қырқыстырған күндестік пе мәңгілік?

Махат бауырым, бұл ойлар Нұх пайғамбар сияқты судан аман қалған аккадтық Утнапшитидің монологы. Қаншама ғасырлар өтсе де, осы сөздердің мән-мазмұны жоғалған жоқ. Кештен таңға созылар жыр әуенінен адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақырған ізгі тілектердің үні айқын естіліп тұр. Монолог «Сұм ажал ешкімді де аямайды» деп келетін жалпылама ой ауанымен басталады да, адамның қолында ештеңе жоқ екені, бәрі де құдайлардың маңдайына не жазғанымен аяқталатынына тоқталады. Ажал бәріне соңғы нүкте болмақ. Жауыздыққа да, мейірімге де, олардың өзара тартысына да. «Мәңгілік» ештеңе жоқ. Өйткені ештеңе мәңгілік болып жаратылмаған.

«Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!» дейміз әрдайым. Бұл тұрғыда биліктің басты міндеті меніңше, мемлекет, қоғам және жеке адам мүддесінің ұтымды тепе-теңдігін қамтамасыз етуі. Өркениетті елдерден үйренеріміз осы. Шынайы әділеттілік осылай орнайды. Өзімнің өткен өмір жолымды саптап, саралап қарасам - оның қай-қайсысында да ең басты ғұмырлық ұстанымым - әділ болу, әділдікті мойындау, әділетсіздікпен күресу болып келеді екен. Әділ мен әділеттілік-жадыма жатталып, жанымды жаңғыртып, ата-бабаларымның қанымен келіп, көңілімді асқақтатып, кеудемді тіктеген ұғым. Осы ұғымнан туатын тұжырым елімізде әділеттің ақ туы тігілсе - қазақтың ауызбіршілігі орнайды. Ол кемел келешегіміздің кепілі.

  • Жетпіс жыл заман мен тіршілік талабымен зиялыларымыз коммунистік идеологияны уағыздады. Тәуелсіздіктен кейінгі тұста Ұлттық ұғым қалыптасты. Қазір тек қана ұлттық бағытпен дамуды қолдайтын топ бар. Сонымен қатар еуропалық-ұлттық идеологияны бірге алып жүру қажет дейтін зиялылар бар. Жаһандану үдерісінде Еуропалық даму жолы ғана тиімді, таңдауымыз сол деушілер де аз емес. Қалай болғанда да халқына шынымен жаны ашитын зиялы қауым орға жығатын емес, алға бастап-өрге шығатын жол сілтеуі лазым деген ниеттеміз ғой. Бүгінгі қазақ қоғамы қай бағытты таңдағаны жөн. Сіз көпті көрген тұлға ретінде, әрі осы үш топпен де сөйлесе алатынын білім деңгейіңізге сүйене отырып осыған айтар қандай уәжіңіз бар?

  • Бұл жасаңдылық. Сырт көзге солай көрінері хақ. Бірақ елдің дамуы тұрғысындағы бар зиялы қауымның жүрегінде тұрған ақиқат жалғыз. Ол - шын мәніндегі Тәуелсіз Қазақстанды орнықтыру. Біздің болашақ алдындағы парызымыз осы. Алдымызда бізді не күтіп тұр? Соны түйсігімізбен түсіне алумыз міндет. Алдымен армандаймыз. Арманды жүзеге асыру орайында мақсат құрамыз. Мақсат орындалуы үшін нақты іс-жоспарымыз болуы шарт. Нақтыланған іс-жоспарды іске асыруға кімнің қандай деңгейде қабілет–қарымы бар. Соны қолмен ұстатқандай әділ шешуіміз парыз. Бұл терең білім мен ерекше жауапкершілікті жүктейді. Адамзат баласы сан ғасырлар жүріп өткен сан тарау жолдардың тәжірбиесіне сүйене отырып алға қадам басады. Ұлы даламыздың жүздеген жылдар бойы қалыптасқан философиясын негізгі қағида ретінде ұстануымыз міндет. Қаншама ұлы да дана тұлғаларымыздың ғибратты нақылдары біздің ертеңімізге ереже. Солардың асыл қазынасын зердеде ұстап, қателіксіз қадамдар жасасақ жөн. Қазақстанның өзінің ішкі жағдайы жеке дүние. Орта Азиядағы бауырлас елдермен қарым-қатынасымыз қалай өрбуі керек? Бір жағымызда алпауыт Қытай орналасқан. Кеше ғана әлемдік империя болған Совет Одағының орнындағы ізбасары Ресейді де ұмытпайық. АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің де мүдделері тұр. Жиырма бірінші ғасырға біз үлкен проблемалармен аяқ бастық. Арал мен Семей полигонының зардаптарының өзі ғаламдық мәселе.

Махат, өзің әңгімеміздің әлқиссасында атап өткеніндей, «Ділім» атты кітабымда былай деген едім. Өзімнің тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, анамның:

Тілі жат,

Діні жат,

Ділі жат,

Жат елден таяқты жеп едің,

  • деген жолдарды әнге қосып жырлағанын естіп өстім. Сол кезде тіл мен дінді түсінемін. Діл дегенді ұғына берейтін баламын. Бірақ бала болсам да, бұл өлең жолдарындағы ең маңызды ойдың осы Ділге келіп тірелетінін бүкіл болмыс-бітіміммен сезінгендей болатынмын. Ділдің құдіреттілігі де осы. Міне қазір, Тіл мен Дінге сол Діл дербестігі арқасында оралдық.

Менің бағдаршамым да осы - менің Ділім. Діліміз мықты болса, тәуелсіздігіміз де мығым.

  • Мұхтар Омарханұлының бір жазбасынан оқыдым. Мен ұлым Мұратпен Гегель философиясын талқыласақ таң атқанша таусылмайтын әңгіме басталады дегенді. Әке арманы, әкенің мақтаныш сезімі осы бір сөйлемге сыйып кеткендей. Бір сөзіңізде: «Соңғы кездерде мен әкем жүрген жолмен қырғыз жеріне жиі-жиі келемін. Қазақ-қырғыз арасын байланыстырған ата дәстүрін жалғастыру мен үшін үлкен ғанибет. Әкемнің ісі – өсиет»,- деп айтыпсыз. Әңгімемізді әке мен бала арасындағы есте қалған рухани оқиғаман сабақтасақ.

  • Мұхтар Әуезов 1957 жылы Лениндік сыйлықтың лауреты атанды. Сыйлық ережесі бойынша лауреат атағын алған адам Совет Одағының кез-келген жеріне барып демалып тұруы үшін, қалаған жерінен саяжай алуға хұқысы болды. Сонда әкем Ыстықкөлді таңдады. Он үш жасымда бауырым Ернар екеуіміздің Ыстықкөлге барғанымыз есімде. Атақты қырғыз жыршысы, атақты манасшы, халық артисі Саяқбай Қаралаевтың үйіне тоқтадық. Алыс-жақын елдерден бірқыдыру мәдениет қайраткерлері, әйгілі ақын-жазушылар жиналған екен. Саяқбай жыршы манасшылап ұзаққа жырлап кеткен бір сәтте әкемнің жанына жақындап, жыраудың не айтып жатқанын құлағына сыбырладым. Сонда әкем, көзін жұмып, жыр құдіретіне шомған Саяқбайды тоқтатып: «Мұрат ұлым сіздің жырды түсініп, өз ойын былайша пайымдады» деп сөзімді отырғандарға жеткізгені есімде. Жиналған мықтылар мына сөздер Гегелдің тұжырымына келеді десіп даурығысқан сонда. Ұлылардың алғашқы батасын алып білуге, көп ізденуге ұмтылыстың басталуына сол оқиға ерекше әсер берді. Қазақтың баланы жастан тәрбиеле дегені осыдан шыққан болар.

  • Адамның балалық шағы қимастық сезімге толы оқиғалар. Сұхбатымызды осы бағытқа бұрсақ. Мен естігенім мен оқығанымды тілге тиек етсем. Сіздің әкеңіз, қазақты ғұламасы Мұхтар Омарханұлының ғаламат таланты туралы сан кітаптар жазылды. Ал, ол кісі қандай әке болды? Сталиндік тоталитарлық кезеңде жасқанбай «халық жауы» танылып атылып кеткен екі мықты азаматымыздың жесірі, анаңыз Фатима бегімді жалғыз тастамауын, мен таңғажайып адамзаттық парасаттылық, ер адамдар үлгі алар өнеге дер едім. Ол тұста Мұхтар Әуезовтің өзі де қырағы көз чекистердің қудалауында жүрді. Шығармаларынан «ұлтшылдық» пен «алашшылдықты» іздеген аяусыз сын партия тапсырмасымен баспасөзде жиі шығып жатты. Жамбыл облысына жер аударылған халық жауларының жесірі Фатима бегім қазақтың арда азаматтарың ұрпақтарын қалай аман сақтап қалды? Сізден аздап сыр тартсақ?

  • Махат сұраған екенсіз, айтайын. Біләл Сүлеев менің шешемнің бірінші жолдасы. Белгілі қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург. 1918–1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға мұрындық болған. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде оқытылған. Сүлеев енгізген бұл тәжірибе Жетісудағы қазақ жастарының Совет Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне мүмкіндік берді. Семей педогогикалық институтын ашып, алғашқы ректоры болды. Семейде жүргенде жазықсыз қамауға алынған. Сол қамаудан аман шыққан соң, 1934 – 1937 жылдары Қарақалпақ автономиясында халық ағарту комиссары болды. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, ату жазасына кесілген.

Біләл Сүлеевтен Фарида, Жәнібек және Азат есімді үш бала қалды. Фарида он бір жасында қатты науқастанып қайтыс болады. Жәнібек жанып тұрған азамат еді. Ұлы Отан соғысына қатысты. Ерекше ерлігімен көзге түскен. Азат біздің бәрімізге қамқоршы аға болды.

Ал, халқымыздың ұлы ақыны, саяси-құғын сүргіннің құрбаны Ілияс Жансүгіровтен Үміт, Ильфия, Болат өмірге келді. Ілияс атамыз атылып кеткен соң, шешеміз Фатима да репрессияға ұшырап, Меркіге жер аударылады. Меркіде мен өмірге келдім. Бұл, біле білсеңіз, үлкен дүние. Шыр етіп осы дүниеге келгелі бергі ғұмырым жол үстінде келеді. Жасым сексенге қарай бет алса да, сол баяғыдай жолда келемін. Көңіл де, жүрек те, сана- сезім де әлі де әлденені іздегендей. Жауабын тапқандай да боласың. Бірақ ол сағым - сәттер. Қайтадан жол, қайтара іздеу. Бәлкім бұл, Әке аманатын іздеу жолы ма?! Менің әкем маған, яғни өз ұлына қамқорлық жасауым парыз деген желеумен жердің түбіндегі Меркіге жиі келіп тұрды. Осылайша өзінің үзеңгілес достары Біләл мен Ілиястың ұрпақтарының аман қалуына, өсіп жетілуіне себепкер болды. Бүгінгі уақыт биігінен қарасақ, әкем Мұхтардың Біләл мен Ілиястың балаларына қамқорлық жасауы - үлкен азаматтық ерлік. Адам кешегісімен, қазіргісімен және келешегімен өмір сүреді. Менің әкем ұлтымыздың екі ұлы тұлғасының осы үш сатылық жалғастығын сақтап қалды.

Біз әлемнің жеті кереметінің бәрінің де тарихын біліп, қайран қалып таңдай қағамыз. Бірақ жанымызда жүрген жандардың ішкі дүниесін тануға ұмтылмаймыз. Мен бақыттымын. Жас кезімде Әкем болса, қазір әкемдей дана азаматтармен доспын. Олармен уақыт тауып арнайы клубымызда бас қосамыз. Тұрмыстық пендешіліктен ада сондай замандастарыммен әрдайым кездескен сайын марқайып қалам. Адамды өмір сүруге құштар ететін дүние адал, ақ ниеттен шығатын қадамдар.

Әкем мені Біләл мен Ілиястың балаларындай тәрбиеледі. Бөліп – жарған жоқ. Жақсыны да жаманды да солармен бірдей бөлістім. Меркіде Қарасу деген өзен бар. Баламыз. Болат ағам менен бес жасқа үлкен. Бірде сол Қарасуда қайықпен жүзіп жүргенде су түбіне кеттім. Қайықтың түбі тесік екен. Сонда Болат ағам суға ағып бара жатқан мені құтқарып қалды. Егер көкейінде әкеміз бөлек деген күпірлік пендешілік болса басқаша болар ма еді. Шешеміз Фатима бегімнің үйреткені мол. Әкем де шешемнің балаларын бөлмей, өгейсітпей бәрімізге бірдей қарап, барынша көмектесіп отырды. Соғыс аяқталып, аңду тынышталғанда бәрімізді Алматыға көшіріп әкелді. Үй әперді. Балаларды оқуға орналастырды. Анам Фатима Ғабитова керемет жан еді. Табиғат көрікті де, ақыл-парасатты да аямай дарытқан. 1956 жылы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ақталған тұста, анамның Жазушылар одағы мінберінен сөйлеген сөзі жиналған жұртты тебіретті. Ел анамның айтқанын аңызға айналдырып жалғастырды. Маған анамның тұлғасы ғашықтардың пірі Бибі-Фатимаға, от анасы Ұмайға ұқсап кететін. Маған анам қазақтың үш бірдей азаматының ұрпағын жетілдіру үшін Алланың аспаннан жіберілген періштесі секілді көрінетін. Қазақ халқы Анаға қашанда құрметпен қараған. Жер Ана дейміз. Ана тілі дейміз. Діліміздің діңгегі де Ана тамырына байланған.

  • Анаңыз туралы кітап шығардыңыз. Басқа елдерде болса «Фатима бегім» деген телесериал түсірілер еді. Ол уақыт та болар деген сенімдемін. Сіздің тұлға болып қалыптасуыңызға ананыздың демеуі аз болмаған. Мәскеуде оқып жүргеніңізде қазақтың мақал-мәтелдерін жинақтап, өзі машинкаға түсіріп сізге жібергенін білеміз. Ол да болса ана тілінің мәйегін жадында сақтасын, рухы қазақ, қазаққа қызмет қылатын азамат болсын дегені болар. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына арналған рухани жаңғыруды асыл аналарымыз ежелден-ақ жүректеріммен сезген ғой.

Әңгімеңізге рахмет!

https://www.inform.kz/kz/murat-auezov-til-men-din-dil-derbestigi_a3559602