Сверх того

Всего статей в разделе: 33
04.04.2020
Просмотров: 52

М.Әуезовтің өмір жолындағы Орынбор және Ташкент кезеңдері

Жазушының қалыптасу жолында Орынбор және ташкенттік кезеңдердің болғанын ескерсек, бұл кезеңдегі оның өмір жолына қатысты фактілік материалдармен таныса отырып, осы тұстағы қазақ оқығандарының күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты біраз нәрсеге көз жеткізгендей боламыз. Сондай тарихи фактілердің біршамасы М.Әуезовтің орынборлық кезеңіндегі қызметіне қатысты.

1920 жылдардың басында М.Әуезов республикадағы саяси басшылықтағы топтың қатарында болды. Мәселен, ол 1921 жылы Семей губерниялық революциялық комитеті төрағасы қызметінен Орынборға кейін шақырылған С.Сәдуақасовтан соң, бұл қызметті уақытша М.Әуезов атқарады. Осы жылы ол Қазақ орталық атқару комитетіне (ҚАОК) мүшелікке сайланып, оның төралқа мүшесі және саяси хатшысы қызметінде болды.

Қазақ орталық атқару комитетінде саяси хатшы қызметінде жүрген М.Әуезов жоғарғы саяси басшылықтың наразылығын тудырған бір іске араласады. Оның қысқаша тарихы мынадай еді. Осы жылдың басында Қазақ ОАК төрағасы С.Меңдешевтің шешімімен Сібір өлкесінің құрамынан Қазақ республикасының басқаруына өткен Семей губерниясын қабылдап алуға Семейге С.Сәдуақасов іссапарға жіберіледі. Бұл губернияның қазақ тұрғындарының арасын аштық жайлаған кезең еді. Елдегі ауыр жағдайды көріп отырған губерниялық басшылық шарасыздық танытып, әрекетке көшпейді. С.Сәдуақасов келген бетте төтенше жағдай жариялап, тек еуропалықтардан тұрған ескі губерниялық атқару комитетін таратып, орнына құрамына жергілікті қазақ қызметкерлері енгізілген губревкомды құрды. С.Сәдуақасовтың бұл шешімдерінен «ұлтшылдықты» көрген қарсыластары бірігіп, оны Семейдегі қызметінен кетіріп, партия қатарынан шығартуға әрекет жасайды. Қоғамның көз алдында орын алған бұл озбырлыққа төзе алмаған басшылықтағы қазақ қызметкерлері 1921 жылы қазан айында Орынборда шақырылған ІІ жалпықазақстандық советтер съезіне қатынасқан қазақ коммунистерінің жиналысын өткізеді. Сол кездегі республика басшылары Меңдешев, Мырзағалиев, Асылбеков, Түркістан республикасының өкілі Ф.Ходжаев – барлығы 51 адам қатынасқан бұл жиналысқа М.Әуезов төрағалық жасайды. Жиналыс С.Сәдуақасовтың мәлімдемесін тыңдап және оны талқылап, мынадай мазмұндағы қаулы қабылдайды: «Жиналыс Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесін тыңдап, оның Семей губерниясындағы қызметінде бетімен кеткен отаршылдық ұстанымдағы губерниялық революциялық комитетті құртуды әбден орынды шешім деп есептелсін. Сәдуақасов жолдастың Семей губерниясындағы қызметі барысында отаршылдық пиғылдағыларды босатып, қызметке жергілікті бұратаналарды тартуын да тура санап, соған байланысты облыстық комитет тарапынан Сәдуақасов жолдастың жоғарыда баяндалған қызметіне съезд барысында оң баға беруі өтінілсін, ал бақылау комиссиясы Сәдуақасов жолдасқа байланысты бұған дейінгі шешімін қайта қарасын».

Жиналыста қабылданған бұл шешімнің С.Сәдуақасовты партия қатарында қалдыруға, сондай-ақ Семей оқиғасына байланысты қызметкерлер арасында оң пікір қалыптастыруға жағымды әсері болғаны анық.

М.Әуезов кейінірек, яғни 1931 жылы 20 қыркүйекте абақтыда жатып, осы жиналысқа байланысты берген жауабында С.Сәдуақасов әрекетінен ешқандай да ұлтшылдық пиғылды көре алмайтынын тағы да қайталайды.

Жалпы, бұл фактіден Қазақстанда енді ғана өз қызметіне кіріскен советтік мемлекеттік аппараттың патшалық кезеңдегі ұлыдержавалық ұстанымынан арыла алмай отырғанын, ал оның бұл ұстанымына қазақ қызметкерлерінің үзілді-кесілді қарсылық танытқанын, М.Әуезовтің осы қарсыласудың басы-қасында жүргенін байқауға болады.

М.Әуезовтің сол кездегі астана Орынбордағы белсенді саяси қызметі, әсіресе, 1921 жылғы аштықпен күрес тұсында анық байқалады. Бүкіл қазақ даласын құрсауына алған аштықпен арпалыста инициатива алаштық зиялыларға көшіп, олар елдегі ірі орталықтарда аштарға көмек ұйымдастыру ісін қолға алады. «Ақ жол» (Ташкент), «Қазақ тілі» (Семей) газеттері бұл істе ұйытқылық қызмет атқарады. Орынборда Қазақ орталық атқару комитетінің саяси хатшысы қызметіндегі М.Әуезовтің ұсынысы және ұйымдастыруымен үкімет мүшелері мен зиялылар қатынасқан үлкен жиналыс өткізіліп, аштық жайлаған өңірлерге тез арада көмек ұйымдастыру мәселесі талқыға түсіп, республикалық аштарға көмек комиссиясы (Помгол) құрылады. М.Әуезов комиссияға төрағалыққа А.Байтұрсынұлын, ал мүшелікке партияда жоқ, бірақ ел арасында беделі бар қазақ оқығандарын көбірек енгізуді ұсынады. Оның бұл ұсынысы бүтіндей өтпесе де, ішінара қабылданып, комиссия төрағасы болып С.Меңдешев (ҚазОАК төрағасы), ал оның орынбасарлары болып А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезов бекітіледі.

М.Әуезов осы жиналыс өткен бетте «Еңбекші қазақ» газетінде елді жайлаған аштықпен күреске белгіленген шараларды түсіндіруге байланысты мақалалар жарялап, ізін ала Семей және Орал губернияларында болып, жергілікті жағдайлармен танысып, губерниялық активтермен жиналыстар өткізеді. М.Әуезовтің ҚазОАК-дегі қызметімен жақыннан таныс болған Ә.Байділдин 1929 жылы 1 маусымда тергеушіге берген көрсетуінде М.Әуезовтің аталған жиналыс өте салысымен «Еңбекші қазақтың» сол жылғы 4-ші және 5-сандарында аштыққа байланысты мақалалар жариялап, оның бұл әрекеті тез арада Ташкенттегі алашордалықтар тарапынан үлгі аларлық іс ретінде қолдау тауып, осы орайда, «Ақ жол» газетінде ел азаматтарын аштықпен күрес ісінде ауызбірлікке және нақты жұмыс атқаруға шақырған материалдар легі жарық көргенін баяндайды. «...Осы мезгілде, – деп жазады көрсетуінде Ә.Байділдин, – Әуезов Орал қаласына губерниялық конференция өткізуге барып қайтты. Бұл сапардан ол жол бойындағы аштық жайлаған қазақ халқының күйін (ит етін жеген, шөп тамырын қорек еткен, жол жағасында көмусіз қалған мәйіттер) көріп, жантүршігерлік жағдайға куә болғанын айтып келді. Өңірде өзімен бірге болып, халыққа көмек ұйымдастыру ісінде аянбай еңбек еткен Жолдыбаев, Жантілеуов, Қаратілеуов және басқа серіктері туралы жақсы пікірін білдірді».

Ә.Байділдиннің көрсетуіне қарағанда, аштарға көмек комиссиясының жұмысын жүргізген А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезов біраз жұмыс атқарып, жергілікті мекемелерге жеделхат жолдап, тез арада аштарға көмек комиссияларын ұйымдастыруды ұсынып, барлық губерниялар бойынша танымал зиялылардың тізімін жасап, оларды жылу жинау үшін ел арасына шығару ісін ұйымдастырады. Бұл жұмысты жүргізу тәртібін түсіндіретін түрлі нұсқаулар даярлап, губернияларға жіберілетін өкілдер тізімін анықтайды. А.Байтұрсынұлы комиссия атынан қазақ халқына үлкен үндеу мәтінін даярлап, оны «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына әкеліп, редактордан тезірек жариялауды өтінеді. Бірақ бұл үндеу мәтіні жарияланбайды. Оны Ә.Байділдин (редактор) мынадай себептермен түсіндіреді: «Воззвание было какое-то тенденциозное. Оно значительно преувеличивало состояние голода и не совсем правильно указывало на действительные причины, вызвавшие его (голод). В заключительной части воззвания был призыв к интеллигенции, ко всей лучшей части народа организованно выступить на борьбу против голода и тут же указывались методы (мобилизация всей интеллигенции, повсеместный сбор пожертвования, переброска их в голодающие районы и т.д.) борьбы. Так, подумав, я немедленно пошел к тов.Асылбекову (он тогда был секретарем обкома, членом комисси помгола и членом редколлегии газеты «Энбекши казах»)... он взял воззвание для ознокомления, и на следующий день сказал, что согласен не печатать его. Воззвание Байтурсынова осталось не опубликованным».

Бұл аса маңызды құжат, сол бір күрделі мезгілдің куәгері, жоғалып кеткен еді. Ә.Байділдиннің көрсетуіне қарағанда, А.Байтұрсынұлы онда қазақ жерін жайлаған аштықтың себеп-салдарына тереңірек тоқталады. Мұндай акцент биліктегілерге ұнай қойған жоқ еді. Сондай-ақ бұл факті советтік биліктегілердің алаштық зиялыларға сенбейтіндіктерінің, тіптен аштық салдарынан қырылу жолында тұрған халыққа көмек ұйымдастыру ісінде өздерінің тар партиялық мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қойғанының көрінісі еді.

Бұл кезде алаштық зиялылар мен биліктегі партия арасында қоғамға ықпал үшін тайталас жүріп жатты. Үндеудің жарық көруі алаштық күштердің ықпалының арта түсуіне әсері болатынын түсінген партиялық басшылық мұндай тенденцияға жол бергісі келмеді.

С.Сәдуақасов пен М.Әуезов Кенжиннің, Мырзағалиевтың және Әлібековтің (Әлиасқар) қолдауымен қазақ арасындағы аштықпен күресті күшейте түсуге байланысты нақты шаралар белгілеген үкімет қаулысын даярлап, оны қабылдатып, ондағы қарастырылған шараларды іске асыру үшін губернияларға шығатын топтардың тізімін бекіттіреді. Мәселен, Семей губерниясына – Әуезов және Досов; Ақмолаға – Кенжин және Төлепов; Қостанайға – Сәдуақасов т.б.

Қазақ үкіметі мен Қазақ орталық атқару комитеті тарапынан қабылданған бұл шараларға сәйкес, мәселен, Қостанай және Семей губернияларына барған өкілдерімен аталған өңірлерде билікте отырған еуропалықтар арасында қарсыласу басталып кетеді. Оған себепші болған жағдай – жергілікті уездік және губерниялық басшылықта отырған еуропалық қызметкерлердің республикалық аштықпен күрес комиссиясы белгілеген шараларға құлақ аса қоймағаны, немқұрайдылық танытқаны. Ауыр аштық жағдайдағы Торғай уезіне келген С.Сәдуақасов пен М.Мурзин басым түрде еуропалықтардан құралған уездегі ревком мен оргбюроны таратып, оларды жаңадан құрып, оргбюроға Байменов, Ержанов және Юсуповты енгізіп, ревкомға Қаржасовты төраға, мүшелікке Байменов, Ержанов, Юсупов және Байдәулетовті бекітеді.

Губерниядағы басқарушы кадрлар құрамына жергілікті ұлттан Көшербаев, Сұлтанбеков, Масанов, Арыстанбеков, Чуланов, Майлин сияқты сауатты азаматтар тартылады. Өкілдердің бұл шешімдерін Қостанай губкомындағы Шафет бастаған еуропалық қызметкерлер қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағалап, С.Сәдуақасов пен М.Мурзинді жазалауды талап етеді.

Шамамен осы мазмұндағы жұмысты Семей губерниясына өкіл ретінде барған М.Әуезов та іске асыруға күш салады. Өңірдегі ауыр жағдайды өзгерту мақсатында ол ел азаматтарының басын қосқан жиналыстар өткізіп, аштықты тоқтатуға байланысты шаралар белгілеп, жергілікті кадр құрамында өзгерістер жасайды.

Ел арасына арнайы тапсырмамен шыққан өкілдердің аштықты тоқтатуға, сондай-ақ губерниялық және уездік басқару аппаратындағы ұлыдержавалық, шовинистік ұстанымды ауыздықтауға бағытталған бұл әрекеттері республикалық басшылық тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Советтердің үшінші съезінен соң Мырзағалиев, Мурзин, Әуезов және басқа қызметкерлер республикалық басшылықтағы қызметінен босатылады. Міне, осы жағдайдың М.Әуезовқа Қазақстандағы қызметінен кетуіне негіз болғаны байқалады.

1922 жылы қарашада ол Ташкентке келіп, «Шолпан» журналының редакциясына қызметке орналасады.

Осы мезгілде Қазақстанда, оның мемлекеттік басқару жүйесінде, идеологияда, қазақ ұлтының қоғамдық санасына тағдырлы ықпалы болған мынадай өзгерістер жүріп жатты. Елдегі саяси билік мәскеулік орталыққа бүтіндей тәуелді партиялық басшылыққа ауыса бастады. Республикадағы жетекші басшы қызметкерлерді анықтау ісі орталықтың құзырында болды.

Республика өміріне қатысты кез келген мәселе бойынша соңғы шешім мәскеулік орталық қалағандай ұстаным тұрғысынан қабылдануға тиіс болды. Яғни бірінші күннен бастап орталықтандыру (централизация) ең жоғарғы деңгейде жүрді.

Жергілікті халықтан билікке тартылғандар бұл тәртіпке көнуге, бой үйретуге тиісті болды. Тимофей Седельников (алғашқы үкімет – Қазақ ревкомының мүшесі – авт.) сияқты мұндай тәртіпке қарсы шығып, тіптен В.И.Лениннің өзіне арнайы хат жолдап, өз елін басқару ісінде қазақтардың заңды құқын сыйлауды талап еткен басшылықтағы қазақ емес ұлт өкілдері «қазақ ұлтшылы» ретінде айыпталып, сол арада жазалануға тиіс болды немесе Одақтағы басқа ұлттық республикаға ауыстырылды.

Қазақстанда қалыптасқан ауыр моральдық атмосфераға байланысты Қазақ ревкомының мүшесі А.Д.Авдеев пен өлкелік жер бөлімінің меңгерушісі Н.Кулаков ревком төрағасы С.С.Пестковскийге жазған хатында мынадай пікірлерін білдірді (құжатты түпнұсқа тілінде беруді қош көрдік –авт.): «В степи, среди киргиз, уже распространяются слухи, что в Ревкоме образовалось две партии: одна – коммунистическая, стремящаяся захватать власть в Киргизии, и другая – националистическая, борющаяся с коммунистами, отстаивающая права киргизского народа и стремящаяся передать власть киргизам и алашординцам».

Елдегі саяси жағдайға берілген бұл сипаттама негізсіз емес-тін. Большевиктік басшылықтың ұлттарға өздерін-өздері билеуге байланысты берген уәдесіне сенген қазақ басшылығы елдегі билікті өз қолына алуға тырысты, белсенділік танытты, бұл әрекет мемлекеттік басқару аппаратының барлық буынында байқалды. Қазақ қоғамы тарапынан көрсетілген бұл ынтаны тиесілі дәрежеде және мағынада қабылдауға жаңа өкіметтік жүйе даяр болмай шықты. Тіптен мемлекеттік басқару ісінде белсенділік танытып, қоғамдағы ұлыдержавалық ұстанымдарға қарсылық танытқан жеке тұлғалар партия және ОГПУ тарапынан қудалауға ұшырайтын болды. Қазақстан өмірінде байқалған бұл көріністің советтік басшылықтың ашық жария еткен курсына үйлеспейтінін байқаған ГПУ офицері Фома Иванов «еуропалық және қазақ басшылығының» өкілдері ретінде Ф.Голощекин мен С.Сәдуақасовқа жолдаған құпия мәлімдемесінде «ГПУ тарапынан берілетін бірінші кезектегі оперативтік тапсырма қазақ жауапты қызметкерлері үстінен оларды қылмыскер ретінде көрсететін материалдар жинау болып табылады» деп жазды.

Сонымен бірге орталық, әсіресе И.Сталин басқарған ұлт істері жөніндегі комиссариат алашордалық зиялыларға ұлт-азаттық ұстанымдағы күш емес, оларды бөліп-жармастан, Совет өкіметіне қарсы әлеуметтік топ ретінде қарастырды. Алаштықтардың билікке қарсы болғанымен, қазаққа қарсы еместігі есепке алынбады. Совет өкіметі өзінің бұл біржақты, қарабайыр қате ұстанымын соңғы күніне дейін өзгерткен жоқ. Қалыптасқан бұл жағдай таза пікірдегі барлық ұлт зиялылары тарапынан совет билігіне деген сенімсіздікке жол ашты.

Сонымен, советтік биліктің алғашқы қадамынан-ақ қалыптасқан бұл жағдай азаттық қозғалысқа атсалысқан ұлт оқығандарының Түркістан республикасына, Ташкентке ығысуына алып келді. М.Дулатұлы тергеушіге берген көрсетуінде өзінің 1921 жылы Ташкентке келгенде «Мұнда менен бұрын Қазақстаннан келіп, қызметке тұрған бірсыпыра адамдар бар екен, көбі алашордашылар екен, осылардан білдім, Түркістанда Қазақстанға қарағанда қызмет етуге мүмкіншілік мол екен... Ташкентте сол кезде «отаршыл», «колонизатор» деген сөзден жаман сөгіс жоқ. Ал Қазақстан орталығы Орынбордан келіп жатқан хабарларға қарағанда, онда керісінше, отаршылдық күшті, қазақ қызметкерлеріне қызмет етуге еркіндік бермейді, партияға қазақтың бұрынғы шенеуніктері, тілмаштары, парақорлары көп кірген, солар орыстың отаршылдарымен қосылып, Кеңес өкіметінің ұлт саясатын бұзып, өздерінікін жүргізіп жатыр» деген пікірдің кең тарағанын баяндайды.

Осы көрсетуінде М.Дулатұлы Қазақстаннан келіп, Ташкентке жұмысқа орналасуға мәжбүр болған алаштықтардың біразының аты-жөнін атайды: Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мырзағазы Есболұлы, Мағжан Жұмабаев, Ғазымбек Бірімжанов т.б.

Сонымен, 1921 жылдың соңында Қазақ республикасынан Ташкентке бет түзеген М.Әуезов бір шындықты ашық түсінген еді. Партия совет қызметінде жүріп, бұл билікті ұлт саясатында алған әділетсіз бетінен жақын арада қайтару жеңілге түспейтінін, саяси билік ырқының қазақ қолынан тағы да сусып шығып кеткенін байқады. Алдыңғы аға буындағы А.Байтұрсынұлының көзі жеткен бұл шындыққа кейінгі буындағы М.Әуезовтің де билікте араласа жүріп көзі жеткен еді. Ендігі уақытта ол ынта-жігерін іргелі білім алып, біржолата шығармашылыққа ойысуға бұрды.

Қазақ жерінде Совет өкіметінің билігі жарияланған 1920 жылдан бастап ұлттық басшылықтың ішіндегі екі саяси ағым арасында бітіспес қарсыласу басталып кетті. Олардың өзара ымыраға келуіне мүмкіндік бермеген тақырып жаңа советтік биліктің, анығырақ айтқанда мәскеулік орталықтың, Қазақ елінде жүргізіп отырған ұлт саясаты еді. Ә.Жангелдин, С.Меңдешев бастаған биліктегі аға буын Мәскеудегі орталықтың қаулы-қарарлары мен тапсырмаларын сол күйінде орындауды қазақ қоғамы үшін ең тиімді жол санады. Олардың артында большевизмнің социалистік идеясына ешқандай да күмәнданусыз сенген С.Сейфуллин және саяси ұстанымы тұрғысынан онымен идеялас тұлғалар тұрды.

Бұл ұстанымдағыларға Смағұл Сәдуақасов бастаған жоғарғы билікке араласып немесе оған жақын жүрген жастар буыны қарсылық танытып, оларға коллаборационистер (фр.collaboration) ретінде қарады. Қазақ басшылығында жүрген еуропалықтардың біраз бөлігін бұл топтағылар колонизаторлар есебінде бағалады.

Мәскеулік орталық, сондай-ақ алғашқы топтағылар екінші ұстанымдағылардың артында алаштық буын тұр деген ойда болды, шындығында, ондай емес-тін. Жастар советтік билікке белсенді түрде араласып, компартияның ұлтқа тиімді уәделері мен жобаларын шындыққа айналдыру мүмкін деген сенімде болды. Сонымен бірге жастар алаштық буынның жер, мәдениет салаларына қатысты идеялары мен тәжірибелерін өз қызметінде пайдаланудан тартынбады.

М.Әуезов көзқарастық ұстанымы тұрғысынан жастар буынына, әсіресе С.Сәдуақасовқа жақын болды. Ұлт тақырыбы жазушының жолын осы қысылтаяң тарихи кезеңде Тұрар Рысқұлұлымен де тоғыстырған еді. Тұрардың таңғаларлық өмір жолынан хабардар болуы М.Әуезовқа «Қараш-қараш оқиғасын» (1927 ж.) жазуға негіз болған еді.

Т.Рысқұлұлының сирек кездесетін күрескерлік тұлғасы қаламгер замандастарына ой салғаны белгілі. Мәселен, А.З.Валидовтың Т.Рысқұлұлы туралы «бір көргенде Рысқұловтың мансапқор болып көрінуі ықтимал, ал шын мәнінде ол ондай емес» деген пікірін Ғазымбек Бірімжановтан естігенін Міржақып Дулатұлы тергеушіге берген көрсетуінде жазып, ал 1921 жылы көктемде «Рысқұлұлы Ташкентке келді дегенді естіп, онымен кездесіп сөйлескім келді» деген ықыласта болғанын жасырмайды.

М.Әуезов Т.Рысқұловпен 1922 жылы 27 қаңтарда Орынборда өткен Қазақ облыстық партия комитетінің кеңейтілген пленумында кездеседі. Мәскеуден арнайы келген Т.Рысқұлов осы пленумда ұлт мәселесіне арналған баяндамамен сөйлейді. Баяндаманың түпнұсқасы сақталмаған. Қосымша материалдарға қарағанда, ондағы негізгі ой: Ресей – алып мемлекет, экономикалық-әлеуметтік және мәдени деңгейі, салт-дәстүрі әртүрлі халықтардан тұрады, соған байланысты оны бір орталықтан басқару жеңіл-желпі нәрсе емес, ондай әрекеттің түрлі қиындықтарға, тіптен қателіктерге соқтыруы әбден мүмкін, осы жағдайды ескере отырып советтік басшылық, мәселен, түрік халықтарына өз коммунистік партиясын, өз қызыл әскерін құруға рұқсат бергені жөн.

Т.Рысқұлов тарапынан жасалынған бұл ұсыныстағы өзекті ой – советтік басшылықты жергілікті ерекшеліктерін жақсы білмейтін Түркістан және Қазақ республикаларында бастап кеткен реформалық шараларының күтпеген апатты нәтижелерге ұрындыруы мүмкін екенін ескерту еді.

Осы пленумның жұмысына қатынасқан Ә.Байділдиннің көрсетуінен мынадай жолдарды оқимыз: «...Проездом из Москвы в Ташкент в Оренбурге остановился тов. Рыскулов. Он делал доклад на собрании актива по национальному вопросу. Собрание было довольно многолюдное, в здании Обкома. Докладчик изложил известную тогдашнюю свою точку зрения. Он исходил от программы партии по национальному вопросу, рассказал сущность и значение ее, а затем своебразно толковал и развивал ее. Из его толкований вытекало целесообразность организации особой восточной компартии.

По оканчаний доклада были по нему прения. В защиту положения тов. Рыскулова, кажется, выступали Ауезов, Нахимжан и др., а против – Айтиев, Саматов и один европейский товарищ».

Ә.Байділдиннің бұл көрсетуінде кейбір дәлдіктің жетіспейтіні бар, дегенмен баяндауда тарихи шынайылықтың сақталғанын аңғару қиынға түспейді.

М.Әуезов өзіне ұстаз тұтқан А.Байтұрсынұлы 1923 жылы қаңтарда 50-ге келеді. Бұл датаның сол тұстағы қазақ қоғамы, оның оқыған азаматтары үшін аса зор маңызын тура түсінген М.Әуезов 1922 жылы Орынбордағы досы С.Сәдуақасовқа арнайы хат жазып, бұл жағдайды тиесілі дәрежеде атап өтуге байланысты ой бөліседі. Өз ретінде С.Сәдуақасұлы республикадағы партия басшысы Г.А.Коростелевқа ұсыныс-хат жолдап, А.Байтұрсынұлының 50 жылдығына байланысты үкімет шешімін шығаруды өтінеді. Партияның облыстық комитеті А.Байтұрсынұлының 50 жылдығы туралы мәселені қарап, «1. Совет органдары тарапынан бұл юбилейді ұйымдастыруға жол берілмесін. 2. Ал жеке тұлғалар тарапынан мерейтойды атап өтуге қарсылық көрсетілмесін. 3. Мерейтойда советтік органдар атынан сөйлейтін жолдастардың сөздерінің мазмұнына жауапкершілік Сейфуллин жолдасқа жүктелсін» деген шешім қабылдайды. Жауапкершіліктің С.Сейфуллинге жүктелуі оның үкімет төрағасы қызметіне байланысты еді.

М.Әуезов ұстазының 50 жылдығына байланысты арнайы мақала жариялап, онда «Ахаңның ұлт алдында істеген қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш» деп жазды.

Белгілі әдебиеттерде А.Байтұрсынұлының 50 жылдығының аталып өтілуіне байланысты жаңсақ пікірлердің орын алғаны байқалады. Осы ретте жоғарыда аталған Ә.Байділдиннің көрсетуіндегі мынадай фактілерге назар аударған артық емес. Ә.Байділдиннің көрсетуіне қарағанда, А.Байтұрсынұлының 50 жылдық юбилейін атап өтуді алдымен ташкенттік зиялылар, яғни С.Қожанов, И.Тоқтыбаев және басқа басшылық қызметтегі азаматтар көтереді. Жалпы, бұл істе ташкенттік азаматтардың жоғары белсенділік танытқанын А.Байтұрсынұлының Ташкентке арнайы шақыру алғанынан, сондай-ақ «Ақ жол» газетінде осы датаға байланысты жарық көрген материалдардан және юбилярдың атына көрсетілген басқа түрлі құрметтен байқауға болады.

С.Сәдуақасов осы юбилейге байланысты Орынборда белгіленген шарада баяндамашы ретінде бекітіледі. Салтанатты жиналысқа жиналған халық өте көп болып, залға сыймайды. Басым бөлігі оқудағы жастар еді. Жиналысты жүргізу К.Тоқтыбаевқа, Ж.Сәдуақасовқа және Байділдинге тапсырылады. С.Сәдуақасовтың жасаған баяндамасы өте мазмұнды шығады. Баяндамашы А.Байтұрсынұлының ағартушылық саласында атқарған еңбегін Қазақ еліне мәңгі қызмет жасайтын зәулім де салтанатты сарайға теңеп, оны сақтап, ылғи да жетілдіріп отыру жас ұрпақтың қасиетті борышы екеніне тоқталады.

Осы жиналысқа қатысқан жазушы Ғалым Ахмедов ағайымыз 1989 жылы осы жолдардың авторына мынадай жағдайды баяндағаны бар. Белгілі жазушы мемуарында залда отырған рабфакта оқитын жастар баяндамашыға шикі жұмыртқа лақтырып, юбилярдың атына айтылған мақтау сөзге қарсылығымызды таныттық деген ойды білдіреді. Ғалым ағайымыз ондай фактінің залда орын алмағанын ескертіп, елмен бірге бірінші қатарда отырған Ахаңның әрбір қол шапалақтау сайын орнынан тұрып, бұрылып көпшілікке иіліп, алғысын білдіргенін әңгімеледі.

Ғалым ағайым айтқан тағы бір детальды оқырманға жеткізу артық болмас. 1923 жылы Орынборда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 30 жылдығы аталып өтеді. Оған жиналған жұрт жиналысты жүргізуді Ахаңа ұсынады. Сонда Ахаң «жоқ, ондай шешім әділетті болмайды, ұлы ақынға арналған кешті ұлы ақынның жүргізуі жарасымды болмақ» деп, жолды Мағжан Жұмабаевқа береді.

М.Әуезов 1928 жылы Ленинградтағы университеттегі оқуын аяқтаған соң, Ташкенттегі Орта Азия университетіне келіп, ғылыми жұмысқа орналасады. Президент архивінде Орта Азия университетінің ректоры Б.Городецкийдің сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Ф.Голощекинге М.Әуезовті қызметке алуға байланысты жазған хаты, оған берілген жауап сақтаулы. Университет ректоры хатында М.Әуезовті қазақ әдебиеті саласындағы ірі қызметкер ретінде сипаттап, дегенмен жазушыны қызметке алуға кедергі болып отырған жағдай оның 1921 жылы белгісіз себептермен партия қатарынан шығып қалғаны екенін баяндап, университетке жұмысқа алуға Қазақстан басшылығының келісімін сұрайды.

Қазақ өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері Мартыненко мен Оңғаровтың атынан жолданған жауап хатта Әуезовтің коммунистік партия қатарына кіргенге дейін Алашорда ұйымында болғаны, әдеби шығармаларында буржуазиялық ұлтшылдық идеологиясын нақты білдіргенін, тек соңғы жылдары ғана бұрынғы бетінен қайта бастағаны туралы айтылады.

Қазақ өлкелік партия комитетінің жауап хатынан соң, М.Әуезов Орта Азия университетіне қызметке алынады. Дегенмен М.Әуезовтің алашордалықтармен және С.Сәдуақасұлымен идеялық байланысы, ұстанымдық жақындығы Ф.Голощекин және ОГПУ тарапынан ұмытыла қойған жоқ-тын. 1930 жылы 1 қазанда Алматы қалалық партактиві жиналысында жасаған баяндамасында Ф.Голощекин негізгі мәселе ретінде компартияның алашордалықтарға байланысты ұстанымына тоқталды. Осы баяндамасында Голощекин жоғарыда аталған II жалпықазақстандық советтер съезінде қатынасқан қазақ коммунистерінің М.Әуезовтің төрағалығымен өткен жиналысын «Байтұрсынов, Әуезов ж.б. басшылығындағы тек қазақтардан тұратын контрреволюциялық астыртын ұйымның» жиналысы ретінде атады (26). Ф.Голощекиннің бұл айтқан пікірі Ташкентте жүрген М.Әуезовті осы жылдың 8 қазанында ОГПУ тарапынан тұтқынға алып, Алматыға жеткізуге негіз болған еді.

1931 жылы 21 желтоқсанда даяр болып, Қазақстандағы ОГПУ бастығы міндетін атқарушы Хворостян мен оперуполномоченный Попов қол қойып, ОГПУ жанындағы прокурор бекіткен №2370 екінші «Алаш ісі» бойынша айыптау қорытындысында М.Әуезовқа жоғарыда Ф.Голощекиннің айтқан ойымен үндес мынадай мазмұндағы айып тағылды: «Айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстандағы партия және совет органдарындағы отаршылдықтың көріністерімен күрес деген желеумен астыртын құпия ұйымның тапсырмасына сәйкес, оның белгілеген шараларын іске асыруда белсенділік танытты. Орынборда өткен Қазақстан советтерінің 2-съезінде ол коммунистер мен партияда жоқ ұлтшыл делегаттардың тек қазақ бөлігімен жиналыс өткізіп, осы жиналыста отаршыл күштердің шабуылға көшкені және олармен күрес түрі жөнінде сөз болды. Әуезовтің «отаршылдықпен» күрестегі жақын серіктері – астыртын құпия ұйымның мүшелері Сәдуақасов пен абақтыда отырған айыпталушы Омаров Әшім. Сәдуақасов сәтсіздікке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупі төнгенде Әуезов оған Ташкентке кетіп, одан әрі ферғаналық басмашыларға барып қосылу туралы кеңес берген. Ал бұл кезде ұлтшылдардың Ташкенттегі құпия ұйымының басмашыларымен өзара байланысы болды».

Осы ретте Ф.Голощекиннің тікелей араласуымен М.Әуезовқа байланысты қойылған айыптаудың астарында жатқан мақсатқа тоқталуға тура келеді. Голощекин (Шая Ицкая), әрине, алаштық тұлғалардың қайсысын болсын соттап, жазалауға жақын тұрды. Бұл ретте ол И.Сталиннің қолдауына сүйенді, тіптен оның тапсырмасын орындаушы жендет рөлін атқарды. Қанға құныққан құзғындар сияқты ол М.Әуезовті абақтыға жауып, сындырып, сол арқылы өзінің ымырасыз жауы – С.Сәдуақасовты жауапқа тартып, кезінде қазақ саяси басқарушы тобы алдында Вайнштейн, Ярославский (Губельман) және өзі сияқты көлденең көк аттылар үшін кек алудан үміттенді. Голощекин де және оның ОГПУ-дегі сыбайластары да өз мақсаттарына «міне, енді жетеміз» деген күйде болды. Көп ұзамай ол дегеніне жетті де. Ол жымысқы, адамгершілікке жат, жауыздық жолын таңдады. Мәскеудегі теміржол транспорты институтын бітірген С.Сәдуақасовты Қазақстанға да емес, Орта Азия өңіріне де емес, Донбасстағы теміржол құрылысына жіберді. Әдейі көзден таса, жат ортаға. Сонда жүрген Смағұл «суық тиді» деген диагнозбен Мәскеуге, Кремльдегі ауруханаға жеткізілді. Ауруханаға түскен ол тез арада, түсініксіз жағдайда көз жұмады. Смағұлдың өлімі туралы оның жары Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова «оны жай ғана өлтіре салды ғой» деген астарлы пікірде болды. Бұл пікір шындыққа тіптен де қайшы емес-тін және ол жоғары білікті дәрігердің қойған диагнозы еді.

Жоғарыда аталған партактив жиналысында Голощекин ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлеріне байланысты үлкен өшпенділікпен ашыла және ашына сөйлеуі, әрине, жайдан-жай емес-тін, бүкіл қазақ жері көлемінде советтік реформаға қарсы халық көтерілістері жүріп жатты. Елде жаппай аштықтың белгісі көріне бастады. Мемлекет өмірінде орын алып отырған бұл трагедия үшін кімнің жауап беретіні үлкен мәселеге айналған сәт болатын. А.Байтұрсынұлы, С.Сәдуақасов, М.Әуезов және басқа абақтыда отырған алаштықтарға социалистік құрылысқа байланысты сәтсіздіктерді үйіп-төгуі де соған байланысты еді.

Ф.Голощекиннің абақтыда отырған М.Әуезов пен Ә.Ермековтен биліктегі партиядан кешірім өтініп, мәлімдеме жасауларын талап етуі Қазақстандағы трагедияны алаштық зиялыларға аударып салу әрекетінің бір ұшығы еді. 1932 жылы 10 маусымда «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрген М.Әуезовтің мәлімдемесі, онда сол уақытқа дейінгі шығармашылықта, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ісінде ұстанған бағыты «қате» болғаны туралы мәжбүр болғаны Әуезов өмірінің ең басты драмасы еді.

М.Әуезовтің бұл мәлімдемесін тарихи факті ретінде, басқа да алаштықтардың трагедиялы тағдырымен байланыста түсінген жөн.

М.Әуезов өткен ғасырдағы советтік билік тарапынан алаштық буынға жасалған қиянаттан аман қалған бірлі-жарым тұлғалардың бірі болды. Дегенмен жазушының көрген және білген құқайы мұнымен аяқталған жоқ-тын. Совет өкіметі, оның идеологиялық аппараты соңғы күніне дейін алаштық буынға қазақ жері мен елі үшін ымырасыз күресін қалай кешіре алмаса, сол мінезін М.Әуезовқа да көрсетіп отырудан жалтарған емес. Басқаша айтқанда, коммунистік билік партияда жоқ жазушыға басым түрде саяси тұлға, қайраткер ретінде қарады, оның шығармашылығына, қызметіне осы тұрғыдан баға берді.

М.Әуезовқа байланысты Совет өкіметі тарапынан қалыптасқан мұндай ұстанымның себептері бар-тын. Біріншіден, жазушы шығармашылығымен де, сондай-ақ нақты практикалық қызмет тұрғысынан да қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жағында болды, оның көрнекті тұлғаларының біріне айналды. Екіншіден, советтік билікке Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Тұрар Рысқұлұлы сияқты оппозициялық көзқарас және ұстанымдағы тұлғаларға қолдау көрсетті, олармен жылы, достық қатынаста болды. Бұл айтылғандарға қосымша, үшіншіден, ол соңғы деміне дейін шығармашылығы арқылы ұлт өмірінің өзегі – ұлттық болмыс пен санаға қызмет жасады, оларды ояу және таза ұстауға шақырды.

М.Әуезов өміріне қатысты тағы бір ескеретін жағдай – жазушының өмірі оқиғалар мен өзгерістерге соншалықты тығыз және мазмұнды болғанымен, ұзақ болды деп айтуға кемейді. Осы ғұмырында ол саяси бақылау мекемесі назарынан тыс қалған емес. Бақылау мекемесіне өзі ортасында жүрген «достары» да қосылып отырудан тартынбады.

Д.Қонаев естелік кітабында Ғылым академиясында президенттік қызметте жүргенде сол кездегі партия басшысы Ж.Шаяхметовқа есеп бере барғанында, ғылым саласындағы жағдайды егжей-тегжейлі әңгіме еткен басшының «Әуезов қазір не істеп жүр?» деген сұрау салып, артын ала сұрауына өзі жауап беріп, «Сырт естуімше, Әуезов те сирақтан бүйрек шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді. Баяғы әуенге басып бұрынғы қателіктерін қайталай бастапты. Қазақстаннан іргесін аулақ салып, біржолата Мәскеуге көшіпті» дейді. Партия басшысы сөзін «Әуезовті академиктер құрамынан аластау керек» деген пікірімен түйіндейді. Бұл, шамамен, 1953 жыл болса керек.

Д.Қонаев 50-жылдардың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының, солардың қатарындағы М.Әуезовтің де басына түскен дүрбелеңге байланысты жасаған тұжырымын «Байтал түгіл, бас қайғы болған осындай дүрбелеңде ел ағалары аттанға ұран қосып отырғаны, әрине, өкінішті-ақ еді» деген сөзбен аяқтайды.

М.ҚОЙГЕЛДИЕВ, академик