Сверх того

Всего статей в разделе: 37
25.12.2017
Просмотров: 900

Алаш арыстарының ізбасарлары

25 желтоқсан, ескіше күнтізбеде Алаш республикасы жарияланған күнге 100 жыл толғанда Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Алаш арыстарының 100 ізбасарын» марапаттады. Сондай-ақ «Қамшы» порталы ақпарат айдынына қосылғанына 5 жылдық мерейтойын тойлады. Салтанатты шараға Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов; Қазақстан Республикасын жариялаған Жоғарғы Кеңестік төрағасы болған Серікболсын Әбділдин; Алаштанушы, академик Мәмбет Қойгелді; Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құрған мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Мұрат Әуезов; жазушы, драматург Дулат Исабеков; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет; тарихшы, ғалым Талас Омарбеков; «Мұстафа шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм түсірген ақын Қасымхан Бегманов; абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай; Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбенов; Алаштанушы, әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Ахметтанушы Аманқос Мектептегі сияқты ағабуын зиялы қауым өкілдері мен саясаттанушы Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы; оған қоса жазушылығы бір төбе Ғарифолла Әнес, Нұртөре Жүрсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Амангелді Кеңшілік, Дәурен Қуат, Есенгүл Кәпқызы, Ақберен Елгезек сияқты журналистиканың үлкен есімдері, Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы, эмбриолог, дәрігер Салтанат Байқошқарова сияқты тұлғалар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, айтыс ақыны Ринат Зайтов қатысты. Сондай-ақ, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Сыдықов, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев; жер туралы митингіге шыққаны үшін сотталған Макс Боқавтің анасы Рахила Қожасова, жазушы Дидахмет Әшімханның ұлы Дәулет Әшімхан, Оразалы Досбосыновтың қызы Нұрайша, қамаудағы Саят Ыбырайдың ұлы Айдос арнайы келсе, qamshy.kz құрылғаннан бүгінге дейін қолдап-қуаттаған ел ағалары мен оқырмандары құрметті қонақ болды.

Алаш арыстарының бірі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов тебірене сөйледі: «Ең жақсы үміттерім қазір ақталып отыр. Жиналған азаматтардың өздерін көргенде көңілім бірден көтерілді. Шынымен баянды, кілең жақсы азаматтар, саналы азаматтар, ұлтжанды азаматтар, ержүректі азаматтар жиналыпты. Демек мына таңдау, жақсы атау — «Алаш арыстарының ізбасарлары» деген атаудың өзі өте жақсы таңдалған. Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына байланысты мен биыл көп жерде болдым. Алашшыл, рухты ғана емес үлкен істерге дайын жастардың саны қазір көбейіп келе жатыр. Демек бұл тарихи заңдылық. Біз Алаштық ағаларымыздың рухын дұрыстап білсек, олардың іс-әрекеттерін дұрыстап білсек, бұл Алаш деген ұлттық күрестің жүйелі түрі деуге болады. Біз тек қана олардың өмірбаянын зерттеумен шектелмеуіміз керек. Қалай күресе білді? XX ғасырда болашаққа қандай армандары болды? Және олар армандарына қалай ұмтылған? Олардың ұмтылысы соншама көп, одан бері қаншама уақыт өтті, осының бәрі әр жаңа буынға үлкен-үлкен әсерін тигізіп отыр. Соның ішінде мысалы 1960 жылдары «жастұлпарлықтардың» қалай, не істегенін айтуға болады. Құдайға шүкір. Біз білдік, сездік. Болатхан досым бар, бүкіл саналы азаматтар. Әке-шешелерінен көптеген әңгімелер, ашаршылық туралы, 1937 жылдар туралы естідік. Және де Алаш азаматтарын көрдік. Керек болса шешем Фатима айдауда жүргенде айтатын әні Алаш азаматтарының әндері болатын. Соның ішінде мынандай бір сөзі бар еді. «Тілі жат, Діні жат, Ділі жат. Жат елден таяқты жеп едің» деп, демек осы әндерді естіп, ұлттың осындай күндерін еш уақытта ұмытпайтын аналар бар. Ал олардың жақсы тәрбиесін көретін ұлдар, қыздар, балалар, Қазақстан бойынша осындай жастар көп.

«Қамшы» ұйымының бүгінгі ісі үлкен тарихи мағынасы бар әрекеті. Бұлар қазық қақты. Бұл қазық биік шаңырақ. Тек қана рух шаңырағы. Ұлттық күрес үшін жас азаматтар топтасып болашаққа армандай біледі. Бізге қазір арманмен шектелуге болмайды. Біз іске кірісуіміз керек. Өйткені бұл кеш, қазір уақыт өтті. Үлкен іс-әрекеттерге кірісуіміз керек. Алаш тек қана үлгі ретінде емес. Алаштың азаматтары шынымен сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар. Оларды ұстаз тұтуымыз керек. Оларды тереңірек зерттеп қарасақ бәрінің ұстаздығы бар. Мысалы Мұхтар 19 жасында Ахмет Байтұрсыновтың тапсырмасымен «Жапония» деген мақаласын жазған. Өйткені Азия кеңістігінде жапондардан басқа бірде-бір ел өз бостандығын сақтай алмаған. Батыс басып тастаған. Осы Жапониядан үлгі алып қалай бодандықтан шығамыз деген оймен «Жапония» туралы мақала жазды.

Бүгінгі бастама келешегі өте жақсы. Үлкен идеяның ерекшелігі оған сенген адам, оған жанын берген адам өмір бойы сол идеядан арылмай жүреді. Уақыт, заман кетіп жатыр. Алаштың идеясы, күрес тәсілі нағыз жаңғырудың белгісі. Бүгінгі кешті ұйымдастырған азаматтарға мың да бір рақмет!»


Гүлзия Пірәлі, әдебиеттанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

Ұлылардың дерті - ұлт қамы

«Ұрпақ үшін, Мұхтаржан, Абайды жаз» деп өсиет еткен Алаш көсемі, ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының рухани көшбасшысы Әлихан Бөкейханов («Астана ақшамы». 22 желтоқсан, 2012ж) бозбала Мұхтар Әуезовке соншалықты сенім артса, Ахмет Байтұрсынов: «Сен келешекке керексің, біздің идеяларды оларға жеткізу үшін ең болмағанда сен тірі қалуың керек », – деп, 1930-32 жылдардағы қамаудан аман қалуы үшін «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартуға көндіргені жөніндегі тарихи деректер ұлы тұлғаның ұлт үшін қаншалықты қажеттілігін ұғындырады. Идеялас, рухтас аға толқын Алаш зиялыларының сол сенімін ақтап, Мұхтар Әуезов 1942-47 жылдары «Абай жолы» роман-эпопеясын дүниеге әкелді. Үміт ақталды. Өсиет орындалды. Алайда, ұлты үшін ұзақ жылдар бойы сарылып еткен еңбегіне сенімсіздік танытқан ағайындар болмай қалмады. Сонда қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің: «...Мұхтар сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, онан айрылармыз. Онан айрылу – Абайдан айрылу. Абайдан айрылу- халықты ар-намысынан айыру, егер қазіргі бетінен тез қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы Мұхтардың өзі болуы мүмкін» деп нақақ жазадан қағып, дау көтеруі , сөз жоқ ұлы суреткер Мұхтардың ұлтына адал ұл, тағдыры халқымен тұтасқан тұлға екендігін ескертеді (Т.Бейісқұлов «Халықтың Ғабеңі, әдебиеттің Ғабиті» «Түркістан» 5 шілде, 2012 ж). Міне, бұл деректердің бәрі Мұхтар Әуезовтің рухани ұстаздары Абай мен Алаш көсемдерінен бастап, бүткіл қазақ жұрты ұлы суреткерге ұлт пен ұрпақ тағдырын сеніп тапсырар тұлға ретінде танығанын танытса керек. Қаршадайынан «Қазағым, қайран жұртым,ұстарасыз аузыңа түсті-ау, мұртың» деп қайғырған қайран бабасы Абайдың тағлымынан дүние танып, «Алашорда» үкіметі мен «Жас азамат» атты Бүкіл қазақтық жастар ұйымының (1918) белсенді мүшесі ретінде саяси сауаты ашылып, бүкіл саналы ғұмырын ұлт қамына арнаған Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Мұхтарұлының да есімі елге «Жас тұлпар» ұйымы» (1965) арқылы жақсы таныс. Әрбір қазақ Мұрат Мұхтарұлы десе ең бірінші «Жас тұлпарды» еске алады. Ал, оның тамыры тереңде жатыр. Қазақтың тұңғыш ұлт зиялылары саналған санаулы саңлақтарының сүйіктісі болған, елден ерек көрікті, парасатты ана Фатима Ғабитованың тәрбиесін тал бесіктен бойына сіңіріп өскен Мұрат қазақтың асыл ұлдары Біләл Сүлеевтің сүйікті ұлы Азатпен, Алаштың арқалы ақыны Ілиястың Үміт, Ильфа, Болат сынды ұрпақтарымен бір отбасында тәрбиеленіп, тектілердің тегі ретінде дүйім жұртқа титтейінен танылған-ды. Осындай ойлы ортада өсіп, ұлылардың ұрпағы болудың өзі оларға үлкен үміт, зор жауапкершілік жүктеген-ді. Ұлы болудың жүгі қаншалықты ауыр болса, ал олардың ұрпағы болып, сол атақ-даңқты абыроймен алып жүрудің өзі қаншалықты жауапты екендігі айтпаса да түсінікті.Қазақтың рухани болмысын қалыптастыруға бар қабілеті мен ғұмырын арнаған осынау аталған Алаштың айтулы азаматтарының рухы осы ортада қайнап өскен Мұрат Мұхтарұлын да бейтарап қалдырмағаны белгілі. Ұшқан ұясында көрген ұлттық тәрбие бертін келе ұлт қамын ойлайтын қайраткерлікке алып келген. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы саналған Мұрат мектептегі кезінде-ақ өзінің көшбасшылық қасиетін байқатып, үнемі игі істердің басы-қасында болып, ұйымдастырушылық қабілетімен қасындағыларын қайран қалдырып отыратын-ды.Бұл жөнінде Мұрат ағаның өзі де үнемі сұхбаттарында сыр ғып шертеді. («Өмірдің өзі мейірімнен тұрады» , «Айқын» газеті, 29.12.12.) Ұлтжандылық қанына сіңіп өскен жас Мұрат Әуезовтің «Жас тұлпарды» құруға себепші болған Алаш идеясын келешекке ұластырған ұлы тұлға – әкесі Мұхтардың әсері-тін. Ол жөнінде ұлы былай сыр шертеді: «Отец был со мной ласков. Воспринимаю его через вкус и запах шоколода. Всегда нес мне много материального.Во время поездок на Иссык-Куль и загородных выездов я впитывал его манеру говорить, думать, ходить, и сами слова его всегда врезались в душу мою. ...Хорошая была перспектива: моя поездка по аулам и встреча с ним на Иссык-Куле. Тогда начинался «Жас тулпар». Пресловутая мягкость – это заикание после комсомолского собрания в Институте восточных языков, где я столкнулся с шовинизмом. Тогда я начал сомневаться. И это называют мягкостью! О черт, такие встречи не повторяются! Хотя нет, они есть и будут теперь на всем моем жизненном пути. Сразимся.» (Мурат Ауэзов.Дневники. «Уйти, чтобы вернуться». Алматы: ИД «Жибек жолы» 20117 – 296 с. 16-17 стр). Кеңестік кезеңдегі өршіп тұрған шовинистік көзқарасты Ресейде білім алып жүрген жастар жақсы сезінетін еді. Әрбір сәт сайын алдынан шығып, аяқтан шалып, астамшылдық танытатын үстемшілдік Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастарды еріксіз ұйымшыл болуға, сапалы білім ғана алып қоймай өз елінің ұлтжанды ұл-қызы болуды үйретті. Қаладағы орыс мектептерінде оқыған жастар шетте жүргенде қазақша сөйлемеудің өзі өрескел әрі өткір сын екендігін сезді. Бүгіндері Елбасы үнемі құлаққағыс ететін «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген сөзін сол кездері-ақ ұран етіп, кім орысша сөйлессе 5 тиын айып салуды салтқа айналдырған екен. Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болған анасы Фатима мен ұлтымыздың рухани көсеміне айналған әкесі Мұхтар Әуезовтің тәлімінен тағлым алып, өзі құрған «Жас тұлпар» қоғамынан бері қазақтың қамын ойлап, келешегіне көсемдікпен көз салған ойшыл, мәдениеттанушы, көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов бүгінде шын мәніндегі ұлтымен тағдыры тұтасқан бірегей тұлға атанды. Қазақтың рухани кеңістігіндегі Әуезовтер әлемінің өзі көп нәрсені әйгілейтіндей. Әдебиет пен мәдениетті тамыры терең тарих арқылы танып, оны философиялық күрделі пайымдар негізінде парақтауды парыз санайтын Мұрат Әуезов көшпелілер мәдениетіне ерекше мән берген маман. Интеллектуалды прозаның табиғатын білімнің негізі құрайтынын сұңғылалықпен сезінетін ол 1976 жылы өзінің алғашқы кітабы «Эстетика кочевьяны» шын мәніндегі танымды туынды дәрежесінде жазған болатын. Алайда, ол туындыны Қазақстан КП Орталық Комитетінінің ұзын құрығы жарыққа шықпай жатып жер жастандырған-ды. Бірақ, оған мойымаған Мұрат Әуезов керісінше күрескерлік, іскерлік қабілетін, идеялық бағыт – бағдарын жетілдіріп, ұлт қамы жолында қайраттана , шабыттана еңбек етті. Өзінің саяси өресін өсіріп, тұлғалық қасиетін шыңдау барысында үзбей ізденуді өзіне мақсат тұтты. «Уйти, чтобы вернуться» атты « Күнделік» жазып, өзінің жүрегіндегі жараларды жасқанбай жариялап та жіберді. Бұл қадам, сөз жоқ, қоғам мен саясаттан кету, жеңілу емес еді. Тек оған енді есейіп, толыққанды дайындықпен, саяси сауаттылықпен, сергек көңіл, тың көзқараспен жаңаша бір рухани әлем. Тегінде эпистолярлық жанрда жазылған тарихи тұлғалардың күнделіктері ұлылар дерті – ұлт қамы екендігін дәлелдеп келгені ақиқат. Кезінде «Жас тұлпар» атты студент-жастар қозғалысы арқылы шет елдегі қазақтардың ұлттық құндылықтары жолындағы қайғы-қасіретті жастыққа тән албырттықпен болса да дер кезінде алғыр да алымды ойлармен айта білсе, енді өзінің «Күнделігі» арқылы ішкі жан дүниесіне (ол жалғыз автордың ғана емес, бүткіл қазақ жұртының жүрегі деп түсінген жөн Г.П.) үңіле отырып, өз халқының қоғамдық, саяси, әлеуметтік, рухани әлеміндегі қайшылықтар мен қақтығыстар туралы сыр шертеді. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бастау алған жастар қозғалысы кешегі 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысына себепші болғаны да белгілі. Сол жылдары қазақтың жалпы руханиятында іштей бір дүмпудің болып жатқаны, тарихи романдардың бұрқырап жарияланып жатуы, әдебиетке келген жастардың интеллектуалды прозаға жаппай бет бұруы ұлтымыздың сапалық деңгейінен өскендігінен сыр бергендей болатын. Қазақ зиялыларының қалалық жерлерде көптеп қазақ мектептері мен балалар бақшаларын салуды талап етуі, ана тіліміздің мәртебесін көтеруді күн тәртібіне қоя бастауы, ұлт кадрларының даярлануына, жұмысшы мамандардың қалыптасуына көңіл бөлуі, қалада қазақтарды көбейту, баспаналарды қазақ жастарына көбірек беру секілді сын көтермейтін жергілікті халықтың мұң-мұқтажына қатысты маңызды мәселелердің мемлекеттік тұрғыдан шешіле бастауы, сөз жоқ сол кезеңдегі рухани өміріміздегі жаңаша көзқарастардың қалыптасуына «Жас тұлпар» бастаған жастар арасындағы қозғалыстардың әсері болды. Ұлтжандылық-шын мәніндегі ірі құбылыс. Ол қозғалса небір сеңдердің сетінеп, шытынары сөзсіз. Қайда жүрсе де әке, оның арғы жағында Абай атасы мен Алаш зиялылары аманат еткен ұлт қамын арқалап, ауыл аралап, ел жайымен, қарапайым қазақ жұртының жағдайымен таныса отырып, әлемдік деңгейдегі мәңгілік мәселелер мен ұлттық құндылықтарды мансұқтайтын автор монологынан тұратын «Күнделік» қазіргі қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік әрі жаңалық. Бір адамның көргені мен көңілге түйгені сөз болғанымен онда әлемдік құндылықтар талданады. Алашшыл тұлғаның ауылға барып өзін іздеуі қызғылықты тосын құбылыс. Жанын жеген жан жарасын жазу үшін жалғыздықты аңсап, жазуды қалап барығанымен қаламдас досы Сатымжан Санбаевтың ата-анасының тағдыры арқылы әр қазақтың алтын бесігі болған ауыл, ондағы қарттар мәселесі – ұлт қамы баяндаушы – авторды терең толғаныстарға түсіреді. Тұлға болып қалыптасудың, ерік пен жігерді жанудың, тұрмыстағы қиындық пен санадағы қақтығыстан кейіпкердің өзін іздеу жолдары оқырманды өзіне ынтықтырып, қызықтырып отырады. Қарапайым тілмен қарапайым қазақы ауылдың тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып, көшпенділердің көнеден келе жатқан тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен там-тұмдап, тамаша тілмен, өзгеше стилдік өрнекпен ой өру Мұрат Мұхтарұлындай әмбебап білгір әдебиетшіге ғана тән қолтаңба. Не жәйлі әңгіме қозғаса да көне көз қариялар секілді тереңінен толғап, жан-жақты қамти шежіре шертетін шешен де ойлы баяндаушы шын мәніндегі интеллектуал – кейіпкер. Мәңгілік өмірдің мәні мен құндылығы жөніндегі философиялық ой толғаулар «Күнделіктегі» көкейкесті мәселе. Ұлттың тарихи тағдыры деңгейінде ой толғауды өз өмірбаянымен өзектестіріп,өрбіте өрнектеу шығыстанушы ғалым, әмбебап ойшылға тән даралық қасиет болса керек. Неше ғасыр бойы отаршылдықтың неше түрлі опасыздықтарын көріп, өздерінің көне түркіден қалған тәкаппарлығынан, ержүрек батырлығынан айрылып, бодан болып босаңсып қалған қазаққа қайта қайрат беруге бағышталған бұл еңбек өзінің көздеген мұратына жеткендей. 1970-79 жылдардағы қазақ қоғамында өріс алған саяси-қоғамдық ахуалдың себеп – салдарынан сыр шертіп, жігер жаныған бұл жазбалар оқырманына ой салуды, сананы сілкіндіріп, қоғамға қозғау салуды өз міндетіне алғандай. Ол жөнінде автор: «Это мои дневники 1970-1978 годов.Времена были сложные. Особенно для тех, кто мечтал и действовал во имя свободы», – дейді кітаптың эпиграфында. Кітаптың кіріспесінде Сариев атты балама баяндаушы сөз алады. Ал, күнделік «Макат» 1970 жылдың 11-ші жұлдызынан басталып, 29-шы жұлдызында аяқталады. Жеке бір тұлғаның тағдырымен тамырласып жатқан жәй қарапайым тіршіліктегі түйткілдер мен көзбен көрген, көңілге түйген жәйттер қатпары қалың қазақ қайғысының құпияларына көз жүгіртеді. Айдаладағы азғана үйі бар шағын ауылдағы өмірдің өзі отаршылықтың ордасындай. Құрылысшылардың жергілікті қазақтармен төбелесуі, бір орыстың сегіз қазақ жігітін сабап тастауы, ешқандай өркениеттің исі жоқ ауылдағы жабайы тұрмыс, екі қазақ тұрса да Хамит шалдың орысшаны таза білуі, баласы Санжардың орысша роман жазуы, оған әкесінің қынжылуы, шешесінің өмірі тек тіршіліктен тұратыны, ауылда қараусыз қалған қарттар тағдыры, бәрі де ой мен тұрмысты жаулаған отаршылдықты аңғартады. Өзгелер мен өз ұрпағы алдында ұялмайтындай өмір сүруді көксеген кейіпкер «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?» деген сауалдарға жауап іздейді. Сөзбен емес, істі әрекетпен бастауды ойлаған ол «Жас тұлпар» қозғалысымен көзге түсіп, Алаш зиялылары бастан кешкен тағдыр бұған да тиесілі болды. Кандидаттық диссертация қорғаса да ЖОО-да оқытушы болуға болмайды деген бұйрық алған ол түрлі қоғамдық-саяси ұйымдармен бірлесіп, ұлт қамы жолында еңбек етті. Бұл еңбегі «Күнделігі» – ойшыл, философ-публицист, әдеби сыншы және эстет, жазушы, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өз ұлтының тағдыры туралы толғаулары. Тәуелсіздік жолында табандылық танытқан көрнекті тұлға әрқашан ел алдында, ұлтының ар-абыройы бола білді. Ол ешқашан ұлт тағдыры дегенде үнсіз қалмады.Ұлы Мұхтардың тап өзіндей жарқырап топ алдында жүрді.Елдің рухани көшбасшысы ретінде қай додада ешкімге дес бермейтін дана ойшыл, әмбебап интеллектуал, ұлтжанды тұлға ретінде танылды. Оның ойшылдығы, жан-жақты білімдарлығы, көшпелілердің көне тарихынан тамыр тартқан білімдарлығы тап осы «Күнделіктен» жақсы көрінеді. Күнделіктегі күрделі ойлар, қиын тағдырлар, ой-толғаныстар оқырмандардың санасына салмақты жүк артады. Ол ой қозғайды, сананы оятады. Қазақтың көркемдік ойлау жүйесінде өзгеше тіл өрнегімен, жаңаша баяндау тәсілімен, стилдік ерекшелігімен танылған «Күнделік» ұлттық интеллектуалды прозасының кеңістігін кеңейтері хақ. «Жаның, құрғыр, тәттісі-ай!» деген Жания апайдың сөзін өзіне өмірлік ұстаным еткен «Күнделіктің» кейіпкері Мұрат Мұхтарұлы сынды ұлы перзенттің жаны да, мұраты да – қазақтың қамы, келешегі, соның еркіндігі, жаннан тәтті тәуелсіздігі. Мұхтардай алашшыл азаматтың артында қалған ұрпағы ғана емес, әке мен ел аманатын абыроймен арқалаған халқының қалаулысы, ол. Мұхтар мен Мұратты қазақ халқы өзінің абройы, ары, жаны санайтыны да сондықтан. Қазақ: «қай жерің ауырса жаның сол жерде» дейді емес пе?. Сол айтқандай, қай заманнан бері ұлылардың дерті-ұлт қамы екендігі бесенеден белгілі. Ел-жұртының жарасын өзіне еншілеген елім деген азаматтың да жаны елімен бірге жанып-күйеді: «...Вопрос: хотел бы ты, чтобы прямо сейчас казахи получили независимость? – бессмысленен. Сейчас и никогда независимость не дарят, за нее борются, ее добиваются. В борьбе за независимость народ вырабатывает способность быть самостоятельным и независимым...» /49 стр/. «Шынында да біздің тарихымыз кеңес дәуірінен кейін ғана басталды ма?» деген күдікті сауалға жауап іздеген ол өз елінің тарихы сонау көне дәуірден басталатынын, оның керемет мәдениеті мен әдебиеті, өзіндік өркениеті бар екендігіне «Эстетика кочевья» /1976/ деген зерттеуі арқылы көз жеткізеді. Ал, тәуелсіздікті тек теориямен, сөзбен емес, ол үшін жан беріп, күресу керектігін түсініп, түйіндей білді. «Күнделіктегі» кезектесіп беріліп отырған шалғайдағы шағын ауылдағы қарттар тағдыры мен кейіпкердің ұлт тағдыры туралы толғамдары оқырманды терең ойларға тартып, жігерін жанып отырады. Бүгінгі қазақтың көшпелі өмірінен бір үзік сыр мен кішігірім көріністерді бейнелейтін «Күнделіктегі» кеңістік пен уақыт категориясы кешегі мен келешек арасындағы сабақтастықтың сырын ашады. Кейіпкер көңілдегісін кібіртіктемей ашық жазады: «Разобрался ли в себе как в обшественном человеке? Это невозможно. Понять свою общественную сущность в бегах-попытка бессмысленная. Это нужно делать в практике и подводить итоги перед смертью. Сейчас – все еще впереди. Что же дала мне эта поездка? Пожалуй, и об этом рано еще говорить. Но все же – дышал чистейшим степным воздухом, никуда не спешил, делал только то, что имеет смысл и видимый, наглядный результата (носил воду, рубил дрова, ходил в Макат за продуктами, кормил скот, приводил овец и верблюдов издалека, топил печь). Писал все, что придет в голову. Не кривил душой.Услышал множество всякого из уст Жании и Хамзы. Узнал крепкую жизнь крепких людей...» /55 стр/. Шынында да бұл сапар кейіпкердің өзінен қашуы емес, керісінше :»...И удрать куда-нибудь мечтал бы. И удрал бы. И снова вернулся бы. И так было бы (так будет) не раз. Погибнуть раньше времени не входит в мои планы. Не трогайте меня до сорока лет. Десять лет – срок достаточный. Я сделал очень хорошо, уехав из Алма-Аты именно в тот день!» /51 стр/, – дейді. Бұл көрініс кешегі Лев Толстойдың, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ақан серінің елден жыраққа қашып, өз ой-толғаныстарымен болып, шығармашылықтың шуағына шомылған шағын еске түсіреді. Бұл сапар кейіпкердің ойын жинақтауға, келешегін жоспарлап, алдағы ұлы мақсаттардың міндеттерін айқындауға мұрсат береді : «Я совершу нечто менее понятное, но нужное, если уловлю сущность кочевья и расскажу на хорошем эссеистком уровне. Я напишу книгу, значение которой будет серьезным. Полураскрытые символы. Национально-художественные символы я раскрою ровно настолько, насколько вижу в них символическое значение.Тот, кто поймет национально-художественный символ, мной расшифрованный, поймет затем и мой шифрованный символ. Это пробудит в читателе вкус к поиску потаенного смысла, и этот поиск будет результативным лишь по видимости... » /58 стр/. Бұл – тұңғиық мұхиттай терең білімді, болмысынан бекзат тұлға Мұрат Мұхтарұлының шығармашылық даралығы, табиғи талантының ерекшелігі. Оқырманын терең ойға сүйрейтін символдық детальдар, құпия қатпарлары мол қазыналы ойлар, шешуі қиын астарлы тұжырымдар, шығармашылық тұлғаның өзіндік дара феноменін танытады. Мұрат Әуезов кез-келген шығармасында көшпелі көне мәдениеттен бастап бүгінгі инттеллектуалды прозаның өзекті мәселелеріне мән бере отырып, әлемдік мәдениеттер диалогының көркемдік құдіретін өрнектейді. Өзінің жеке тағдырын халқына теліп, сонымен синонимдес сезіну, әрине, сирек жаратылған дара тұлғаларға ғана тән қасиет болса керек. Ел-жұртының мұң-қамын өзіне қамыт етіп киіп, соның жолында құрбандыққа бару – Мұхтарұлы Мұратқа тән мінез екендігін мойындамасқа шараңыз жоқ, «Күнделікті» оқысаңыз. Енді бір сәт «Күнделіктегі» басты кейіпкерлер Жания мен Хамзаның образдарына тоқтала кетсек, олар кәдімгі өмірдегі шынайы мінез-табиғатымен, тек өздеріне ғана тән болмыс-бітімімен бедерленген. Көркем шығармадағыдай көркем кейіпкер кейпінде емес, кәдімгі тарихта бар қарапайым қариялар. Әке Хамза баласының орыс тілінде жазатынына назалануы арқылы ана тіліміздің тағдыры, келешек ұрпағымыздың өз тамырынан, тарихынан, тілінен, дәстүр-салтынан ажырап қалу қаупі, бірнеше ғасырға созылған орыс патшалығының отарлау саясатының салдарынан екендігі туралы толғаныстары оқырмандарын ойландырмай қоймайды. Ал, ақ кимешегін киіп немерелерінің ортасында отыруға тиісті Жания әжеміздің: «Мақатқа барсақ, бірден ауырып қаламыз, даланың әуесімен сақталып жүрміз» деген сөзі сірә, сылтау болса керек.Ол жөнінде автор : «..Вряд ли Хамза думает так же, но молчит. Я тоже молчу» /48 стр/, – дейді. Бұл қарттардың ішкі жарасы секілді. Кемпірдің келіндері туралы жақ ашпауы да көп нәрсені түсіндіргендей.Тағдырдың барлық ауыртпалығын қайғырмай, қайсарлықпен көтере білген кемпірдің бейнесі оқырман алдында ажарланып, биіктей түседі. Оның портреттік бейнесін суреткер шынайы әрі шебер береді: «У Жании малый размер обуви. Женственная, стройная. И в то же время-сильная, крепкая. Кости рук широкие, широкая ладонь, крепкие большие пальцы.Ладони и пальцы в трещинах. Кожа твердая, плотная.Удивляюсь, как сумела заноза пробиться в ладонь. Я иглой долго не мог расковырять кожу, чтобы занозу вытащить, – такая она была прочная, как кожа верблюда, из которой сделан торсық» /48 стр/. Осы бір психологиялық деталь-алақанға кірген тікенек арқылы қазіргі ауылдағы жалғызілікті қарттардың қиын тағдыры тілге тиек етіледі.Ананы өз табиғатына тән көркем, нәзік, мейірімді етіп бейнелегісі келгенімен олар өмір сүріп жатқан ортаның, өмірдің, табиғаттың, тағдырдың қаталдығы эстет қаламгердің қалауына көнгісі келмейді. Мұндағы өмір шынайы көзбен көргендей, бірақ өте дәл, психологиялық тұрғыдан нанымды көріністермен көмкерілген. «Күнделік» көркем шығарма болмаса да мұнда қала мен даланың диалогы, қарт пен жастың сұхбаты, екі түрлі көзқарастар, екі түрлі тағдырлар, екі ұрпақ арасындағы алшақтық пен қарым-қатынастар мен қақтығыстар секілді өмірдің мәңгілік мәселелері сөз болады. Қарама-қарсылық тудыратын табиғат пен адам арасындағы қақтығыстар, жеке адамның рухани бостандығы мен ұлт тәуелсіздігі турасындағы трагедиялық ахуалдар уақыт пен кеңістік шеңберінде шынайы бейнеленген. Және олардың бәрі баяндаушының көзқарасы, қабылдауы, тануы мен бағалауы ретінде беріледі. «Күнделік» эпистолярлық жанрдың өзіне тән көркемдік шарты бойынша тек күндерді тізіп, өзінің ішкі сырларын ашу ғана емес, сол толғаныстарды қазақтың тағдырымен, кешегісі мен келешегі арасындағы ұрпақтар жалғастығымен жарасымды жымдастыра отырып, ұлт қамын ойлауымен құнды. Өмір деген таусылмайтын күрес, ал қозғалыссыз тамағың да тәніңе тармайтынын сөз еткен Жәния әже іс-әрекетсіз еш нәтижеге қол жеткізе алмайсың деген даналық ой айтады. Автордың да айтпағы осы ой-тын. Адам өз еркіндігі үшін, рухани құлдықтан арылуы үшін үнемі талпынып әрекет етпей ешқандай нәтижеге, ең бастығы тәуелсіздікке қол жеткізе алмайтынын басты нысана етеді. Тәуелсіздік – өмір мен өлім арасындағы арпалыстың жемісі. Тәуелсіздік туралы толғаулар шығармадағы диалогтар арқылы дамитын драматизмді толықтырып, психологиялық нанымдылықпен бейнелеуге дәнекер бола білген. Ауылдағы бір бөлмелі киіз үйде жатып бүкіл қазақтың қасіретін жұтып, әр қазақтың жан айғайын, ішкі запыран-зарын күнделігіне ешкімнен ықпай, авторлық санадан тыс ырықсыздық жолымен ақтарып салу – тек Мұрат Мұхтарұлы Әуезов сынды сирек дарынды шығармашылық тұлғаға тән мінез-болмыс болса керек.Күнделіктің көксегені де көркемдік емес, кемеңгерлік. Ондағы ой терең де астарлы Көрнекті қоғам қайраткері, философ, мәдениеттанушы, әдебиетші, сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Тарлан» және «Алтын ғасыр» ассоциациясының «Алтын асық»сыйлықтарының иегері Мұрат Әуезовтің «Күнделігіндегі» тәуелсіздік туралы толғаныстарының уақыты шектелмейтін мәңгілік құндылықтар негізінде нысанаға алынып, күн артқан сайын оның мазмұндық, көркемдік- эстетикалық мән-маңызы аса түсуімен бағалы.

01.03.2018 ж.