Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
04.04.2020
Просмотров: 506

АБАЙ-ҚАЗАҚТЫ САҚТАП ҚАЛҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты қалалық постерлік баяндамалар конкурсында «АБАЙ-ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ, ОЛ БІЗГЕ БЕРІЛГЕН ТАҒДЫР СЫЙЫ. АБАЙ ҚАЗАҚТЫ САҚТАП ҚАЛҒАН ҰЛЫ ТҰЛҒА» деп басталған Мұрат Мұхтарұлының тағылымды әңгімесі әрбір дарынды жастың Абай әлемін ұғынуға, оның мұрасын зерттеуге деген талпынысын тереңдетіп, ойына түркі салғаны анық.

«ALQA Foundation» Халықаралық Мәдениет Қоры және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бірлесе өткізген «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты қалалық конкурс оған қатысушы жастардың жүрегінде ерекше орын алды десем, қателеспейтін болармын. Мәселе конкурстың өзгеше форматта өткендігінде емес.

Білім алушы жастарымыз конкурстың салтанатты ашылу рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің ұлы Абайдың әдеби мұрасы мен бірегей тұлғасын тану туралы концептуалды пікірін өз аузынан есту мүмкіндігіне ие болды!

«...19 ғасырда Ұлы даланың аттылы-көшпелі өркениеті күйреудің аз алдында тұрды. Сол замандарда ауыр кезеңді өткерген Зар заман ақындары да XX ғасырдың қиын болатынын білді. Бірақ сол келешек өмірден әбден күдер үзіп, болашаққа сенімін жоғалтқан «зар заман» ақындарынан Абайдың ерекшелігі қандай дейтін болсақ, ол өз халқының кемшілігін көріп сынады, сынап қана қоймай, содан шығатын жолды нұсқады. Оның кемеңгерлігі сол, ол халықты мәдениетімен, тілімен, әдебиетімен, дінімен сақтап қалуға жол таба білді, халқын аман сақтады.

Қиын-қыстау кезеңдерде халық Абайдың әндерін орындап, сөздерін жүректерінде сақтады, оның өлеңдері, әндері халықпен бірге болды. Абайдың ұлылығы да осында жатыр. Сондықтан Абай - қазақтың құтқарушысы, ол - бізге берілген Тағдыр сыйы. Абай – қазақты сақтап қалған ұлы тұлға» деген сөздерінің астарында қазақ халқының тарихымен астасқан терең сыр жатыр....

Қаланың жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын, ғылыми ізденіс жолында жүрген жастардың басын қосқан конкурсқа уақыт тауып келіп, танымдық терең ойыңызбен бөліскеніңіз үшін Мұрат аға, Сізге алғысым шексіз! «Алқа» қорының алғашқы жобасы - қараша айында өткен «Абай - әлем тілдерінде» қалалық конкурсын да қуана құптап, ақыл-кеңесіңізді бергеніңізді де еш ұмытпаймын.

Сіздің әрдайым амандығыңызды тілеймін, ұлт жанашыры, асылдың сынығы - Мұрат аға! Қаламыңыз мұқалмасын!