Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
28.10.2017
Просмотров: 1047

«Алыптар уақыттан қорықпайды...»

//Баянтау.-28 қазан, сенбi, 2017 жыл №76 (10832)

Жақсыменен өткізген жарты сағат - жаманның өтіп кет- кен өміріндей. Дөп басып қалай айттың, қайран қазақ?! Мұрат Әуездің Баянауылға сапары ғибратқа толы сапар болды. Сұхбат- тарын оқып отырып, кемел ақыл иесінің көзқарастарына қызы- ғушылығымыз арта түсетін. Енді өзімізге де сапарлас болып, аз- кем әңгімелесу мәртебесі бұйырды. Мұрат Әуездің әр әңгімесінің астарында ұлтым деп соққан жүрек лүпілі, халқын өле сүйген селкеу түспес сезім, әке аманатына адалдық, ана махаббатына құрмет, ата қаны мен ана сүті арқылы ғана даритын тектілік, биік парасат аңғарылады.

-Мұрат аға, əкеңіздің табаны тиген текті топыраққа қош келдіңіз! Мұхтар Əуезовтің мерейтойы – ұлт тойы. Ме- рейтой елімізде қалай аталып өтуде? – Семей өңірі Мұхтар Əуезовтің ме- рейтойын өте жоғары деңгейде атап өтті. Жақында Шыңғыстау өңірінде, əкеміз дү- ниеге келген Бөріліде болдық. Мерейтойы қарсаңында əкеміздің нақты дүниеге кел- ген жері анықталып отыр. Əуезов мұра- жай-үйінің ұйымдастырушысы, Абайдың, Шəкəрімнің өмірін жақсы білетін ақсақал Бекен Исабаевтың ұлы Сəтжан деректер- ге сүйеніп Мұхтар Əуезовтің кіндік қаны тамған жерді тауып, сол жерге белгітас қойды. Сол сəтте ерекше сезімде болдым. Бұл – келер ұрпаққа үлкен белгі болады. 120 жыл. Халықаралық ұйымдардың бекіту тəртібі бойынша ресми аталып өтетін жас емес екен. Алып тұлғаларға бұл тəртіп өтпейді. Қазақ халқының өзі сүйікті жазушысы, асыл перзенті, алып жерлесінің мерейтойын атап өтуде. Мұның аты – классика. Классика уақыттан қорық- пайды. «Адам заман билемек, заман оны елемек», - деген ұлы Абайдың сөзі бар. Халықтың ірілігі, ұлылығы азаматтарын ешқашан естен шығармайды екен. Соған көзім жетіп отыр. Қыркүйек айында қыр- ғыз елі Мұхтар Əуезов тойын өте жоғары деңгейде тойлады. Олар өздерін қазақпен бауырлас жақын халық екенін дəлелдеді. 1952 жылы Мұхтар Əуезов ұлы эпос «Ма- нас» жыры үшін күресіп, қорғап шықты. Ол туралы Шыңғыс Айтматов жазды. Сол күресі үшін Мұхтар Əуезов құпия жол- дармен Алматыдан Мəскеуге кетуге, сол жерде 2-3 жыл тұрақтауға мəжбүр болды. Қырғыз ұлты Мұхтар Əуезовтің өздеріне жасаған осы жақсылығын ешқашан ұмыт- пайды жəне оны қазақ пен қырғыз арасын- дағы алтын көпір деп санайды. Осындай ұлы тұлғалар халық пен халық, заман мен заман арасын жалғастырушы бола бермек. Бұл сөздің өзін Баянауылдай қасиетті жер- де тағы бір мəрте айту – өте орынды бол- мақ. Əкеміздің мерейтойын Алматыдағы Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өте кере- мет іс-шаралармен атап өтті. Баянауылдан кейін Қостанайға жолға шығамыз. Ол жақ- та да жақсы дайындалып жатыр. Келесі айда Астанада Назарбаев университетінде өту жоспарлануда. – Бала кезіңізден əкеңіздің жанына еріп көп саяхаттадыңыз. Өмір сапарымен жұмыр жердің бетінде ізіңіз қалмаған мекен кемде-кем. Бойыңыздың да, ойы- ңыздың да жетілуі содан болар? Осынау Баянауыл сапары сізге қалай əсер етті? – Мен Қытайда елші болдым. Олжас Сүлейменовпен бірге ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» қозғалысында ви- це-президент болдым. «Жас тұлпарымыз» Қазақстанда «Азамат» қозғалысына ұлас- ты. Осындай істерде жүргендіктен, өмір шындығын біраз білетін адамдардың қа- тарындамын. Уақыт өткен сайын қазақтың ұлы халық екеніне көз жеткізе түсемін. Жетісуда Тұрысбек Мамановтың «Мама- ния» мектебі болған, ол мектеп көптеген білімді азаматтарын тəрбиеледі. Семейде, Шыңғыстауда Абай, Шəкəрім секілді тұл- ғалар өсіп-өнді. Мəшһүр Жүсіптей, Қа- ныштай қазақтың маңдайына біткен асыл азаматтарын қараңызшы, Баянауылдың баурайында дүниеге келді. Сол тұлғалар- дың барлығы Абайдың жолын жалғау- шылар, ұлт руханияты үшін күреске түс- кендер. Қазақ халқы ХХ ғасырда қандай қиыншылыққа ұшырады, зардап шекті. Абайдың ұлылығы – халқын ұлы сындар- дан аман-есен өтуіне рухани тұрғыдан дайындауында. Баянауыл мен Шыңғыс- тау ұлтымыздың дəстүрлі жаңғыруына мүмкіндік туғызатын орта. Қазақ халқының саны сонша көп емес. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ой- лауымыз керек. Ол үшін нағыз білім қажет. Бұл сөзді əрдайым айтып жүремін. Бая- науыл – қазақ ұлтының сапасына күмəн тудырмайтын өлке. Сіздерің барлықта- рыңызда қазақ халқы өз ұлттық беделін, абыройын берік сақтайды деген сенім болуы керек. Əр қазақ баянауылдықтар- дай сапалы болса, ешкімге намысымызды бермей, үлкен мемлекет боламыз. Осы сапарымыздың өзі қандай керемет əсер сыйлады. Бұрын Олжас ағамен келгеніміз- де мүлдем басқаша болып еді. Бұл жолы Мəшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінде болып, əулиенің өмірімен жақынырақ таныстық, 25 томдық шығармалар жинағын алдық. Кесене құрылысы үлкен ақылмен жасал- ған екен. Мəшһүр Жүсіптің сөздерінің тасқа жазылып қойылуы, барлығы-барлы- ғы Баянауылдың кереметтілігін көрсетеді. Баянауыл сондай тұлғаларға ерекше мəн беретін, еске алатын тарихи тəжірибесі бар өлке. Табиғаттың өзі мейірленіп, Жа- ратқанның нұры түсіп, елдің жаңғыруына сеп болар жақсы адамдардың Баянауылда дүниеге келуіне мүмкіндік берді. Баянауыл – рухани мұрасымен бай өлке. Біз Мəскеуде «Жас тұлпарды» құрып, «Ұлтшыл» аталып жүргенімізде, бізге ешқандай мүмкіндік берілмеді. Жазған кітаптарымызды құртып, жойып жіберген кезде, қазақтың нағыз мықты азаматтары Мұқағали Мақатаев, Шəмші Қалдаяқов біздердің жанымыздан табылды. Ал, Нұр- ғиса Тілендиев «Жас Тұлпардың» гимнін жазып, үлкен ерлік көрсетті. Гимн дүние- ге келгенімен, қапаста тұншығып жата берді. Себебі, заман біздікі болған жоқ. Енді біздің заманымыз келіп отыр. Нұрғи- са Тілендиев қайтыс болған соң Нұрғали Нүсіпжанов мұраларын жинақтап, осы гимнді тауып алды. Сол əнді Алматыда Ғылым Академиясының залында тұңғыш рет орындады. Содан кейін бірде-бір адам- ның орындауында «Жас тұлпар» гимнін естіген жоқпын. Енді міне, Баянауылға келсем, қандай керемет, «Жас тұлпар» орындалды. Бұл – тарихи сəт! Семейде «Ахме» дейтін жастардың ұйы- мы бар екен. Əрқайсысының жасы 20-25-те ғана. Олар жақсы білім алған, үш-төрт тіл біледі. Соларды алғаш көргенімде көзіме «Алаш» азаматтары елестеді. Оларда сол азаматтардың рухы бар. «Жас тұлпарым- ды» көргендей болдым. Ол жігіттермен өте керемет сұхбат болды. Мəскеуде «Жас тұлпарды» құрғанымызда өте талантты тарихшы, жазушы Əміржан Əлпейісов біз- бен рухтас «Сарыарқа» деген ұйым құрды. Мен Семейдегі «Ахме» ұйымымен Кере- кудегі, Баянауылдағы жастардың арасында рухани байланыс болса екен деп тілеймін. Рухани жаңғыру – шөп өскен жерде бола- ды. Сондықтан, Баянауыл – рухани жаңғы- руға керемет негіз. Сіздер оны жақсы сезі- несіздер. Баянауылдың өнерпаз балалары – біздің ұлттық қазынамыз. Біз, қазақтар, өзіміздің мемлекеттік мүдделерімізді дұ- рыстап ойлауымыз жəне қорғай білуіміз керек. Не үшін? - десеңіздер, айтайын: дəл осындай қазақтың дарынды қара домалақ балалары дүниеге келе беруі үшін. Сонда ғана тарихымызды, дəстүрімізді, рухани қазынамызды сақтап, болашаққа жеткізіп, адамзаттың рухани дастарханына қоса аламыз. Сондықтан мықты болғанымыз абзал. – Мұхтар Əуезовтің: «Ел боламын де- сең – бесігіңді түзе, ұлт боламын десең – қалпыңды сақта», - деген сөзін берік ұс- танған талай буын тəрбиесінен ақсама- ды. Əке көріп оқ жонығаныңыз – ұлылар аманатына адалдық танытқаныңыз. Азаматтығыңызға негіз болған – əке тəрбиесі ме, əлде өмір тəжірибесі ме? – Бір сұхбаттарда: «Мен өзімді садақтың атылған оғындай сезінемін», - деген едім. Шынымен де солай. Əкеміз өте үлкен тəр- биеші болды. Заманы қиын болса да, арма- ны өте үлкен еді. Қазақтың атынан сөй- лесем, бақытты адам болар едім - дегенді айтқан əкеміздің тəрбиесі – баяғыдан келе жатқан үлкен дəстүр. ХVІІІ ғасырда Қаратаудың Қожалары жер-жерге бара бастады. Өйткені шығыс халықтарына батыстың қысымы зор бол- ды. Қожалар Қазақстанның барлық жері- не барды. Үндістанға жетті. Кавказ асты. Имам Шəмілдің ұстазы Түркістаннан келген қожа екені тарихтан белгілі. Қо- жалардың тарихи мақсаты, батыстың енді басталған экспансиясына қарсы жергілікті халықтың рухын көтеру, демеу жасау. «Наши предки из знойных арабийских пустыний», - деп əкеміздің жазғаны бар. Қожалар ислам дінінің қазақ даласына ке- луіне көп септігін тигізген, дін ғана емес, білім əкелген. ІХ-Х ғасырларды мұсыл- мандық ренессанс дейді, сол кездегі – мұ- сылмандық жаңғыру. Қожалар араб тілінде көне гректердің философиясын таратуды мақсат еткен. Оларда барған ортасына сат- қындық жасау болған емес. Керісінше тұ- рақтаған мекенін атамекені деп қабылда- ған. Қожалар туралы түрлі пікірлер, ойлар айтылып жүр. Олар өте үлкен білімнің иесі болған. Сол білімді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің екі жолы бар. Əуелі, медресе, діни білім беру орталықтары арқылы та- ратқан. Екіншісі, дін мен білімді атадан балаға өсиет ретінде қалдыру. Көшпелілер, қазақтар бұл дəстүрді ұстанған. Жүздеген жылдар бойы жинақталған рухани тəжіри- бе ұрпаққа жүктеледі. Əкем сол жағынан өте күшті тəрбиеші болды. 1949 жылы Алматыда тек бір ғана мек- теп ұлдар үшін қазақ тілінде сабақ берді. Ол кезде зиялы қауым да, партия қыз- меткерлері де, шенеуніктер де ұл балала- рын қазақ мектебіне бермейтін. Сол кезде əкем қолымнан ұстап 18-ші мектепке жетектеп апарды. Мен үш сыныпты қазақ мектебін- де бітірдім. Бұл – мен үшін үлкен олжа. Кейін орыстардың ортасын- да ана тілден айырылған кездеріміз де болды. Сол кездерде қазақ тілі- не оралуға сол кездегі ең бірінші алған білімім маған зор пайдасын тигізді. Ол əкеміздің көрегенділігі. Содан бері ешқандай кездейсоқ ақыл-кеңес болған жоқ. «Кім те- реңнен меңгерсе, сол гуманитар- лық ғылым саласының адамы бола біледі», - дегені – үлкен ақыл. Інім Ернар екеумізді Ыстықкөлге жиі апаратын. Сонда қырғыздар- мен кездесіп, ұлы манасшы Саяқ- бай Қаралаевтің ауылына барып, жырды тыңдап отырғанымызда мен іштей толғанып, əкемнің құлағына: «Мен бұл кісінің айтқанын түсініп отырмын», - деп сыбырладым. Сонда əкем, Саяқбайдың өзінен, қасындағы жазушылардан рұқсат сұрап, үлкен сүйінші сұрағандай қуанып: «Менің балаларым қырғыз тілін түсінеді», - деді. Мен жап-жас баламын, «Бауырлас халықтың тілін, «Манас» деген рухани құндылығын білуің керек» - дегендей, са- нама құйып отыр. Бұл да – маған өсиет. Енді ойласам, бұның барлығы тəрбие əдістері екен. Ол кісі бізге үмітпен қара- ды. Онжылдықты бітіргенде де ол кісінің ақыл-кеңесі жолбасшы болды. Алдымен «Кім болғың келеді?» - деп сұрады. Сол кезде химия, астрофизика салалары кең та- раған еді. Соны таңдайтынымды айттым. Əкемнің Тихов деген академик досы бол- ған, сол кісімен келісейін - деді. Арада екі- үш күн өткеннен кейін, өзімнің ішкі дауы- сымды тыңдап көрдім де: «Жоқ, химия емес, маған гуманитарлық сала жақын», - деп əкеме өзім айттым. Сол кезде: «Нағыз гуманитарлар теңіздің тұңғиық тереңіне, дауылына төтеп беретіндей болады. Жеңіл- желпі алған біліміңмен өз-өзіңді алдап алысқа бара алмайсың» - деп кеңес берді. Əкемнің ақылын тыңдағаныма өзімді ба- қытты сезінемін. Қандай тіл оқымасам да ол маған жеңіл берілді. Дүниежүзілік тари- хи процестерді, ата тарихты жақсы көрдім. Алдымда таңдау тұрған жауапты кезеңде менің терең ойлауға қабілетім бар екенін білді əкем. Кім болғым келетінін сұраған- да, менің өзімше таңдау жасауымды іштей күткендей болды. Сөйтті де, шығыстануды ұсынды. Бұл да тəрбиенің бір тəсілі. Мен үшін шығыс деген ұғым ерекше жақын болып шықты. Əкем араб тіліне түсуімді қалады. Бірақ араб тілін оқу үшін, мек- тепте ағылшын тілін оқуың керек екен. Мен неміс тілін оқығанмын. Сол себептен қытай тіліне түстім. «Қытай тілін білуің керек. Өйткені, Қытай мұрағаттарында қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар», - деді. Бұл сөзімен «Қазақ- тың тарихын біл!», - деп тағы да санама құйып отыр. Шығыстану факультетінде жақсы оқыдым. Əкем Лениндік сыйлық комитетінің мүшесі болатын. Соған келеді, «Мəскеу» қонақ үйінің алтыншы қабатын- да апталап жатады. Мен студентпін. Келіп- кетіп жүрдім. Бірде, екеуміз əңгімелесіп отырғанымызда, əкемнің мəскеулік дос- тары келді. Олардың: «Не істеп отырсың- дар?» дегеніне, əкем марқая «Ұлыммен Гегель жайлы əңгімелесіп отырмыз» - деді. Мен онда аздаған біліміммен сөз мəнісін аса ұқпадым. Сол кездегі екеуіміздің кіш- кентай əңгімемізден əкемнің үлкен мəн іздеуі – мен үшін тағы да сабақ. Филосо- фияны біл деген өсиеті болды. Менің əкем осындай. Əкем 1961 жылы, жасым он сегізде бол- ғанда, Мəскеудегі Кунцова ауруханасында шілденің 27-сі қайтыс болды. Сол ауру- ханада Кəмен Оразалинге ең соңғы хатын жазды. Жиырма алтысы оны отаға дайын- дап жатты, қасында ешқандай қалам-қағаз болмады. 25-сі жазған сол соңғы хатты ма- ған беріп кетті. Хаттың мазмұны: «Балам туған əкесін, туған жерін, халқын, дəстүрін білуі керек» - дегенді айтады. Əкемнің маған тəрбие берудегі осындай тəсілдері үлкен ақылмен жасалды. Əкем менің ой- санамның шынығуына үлкен үлес қосты. Оның достары – атылып кеткен Алаштың азаматтары. Оның үміті – артында қалған балаларында еді. Мұхтар Əуезовтің өмірі – əкенің баласына қалай ұстаз бола алаты- нын дəлелдеді. – «Қилы заман» повесімен сонау қилы заманда анаңыз Фатима Ғабитова кі- тапханадағы араб қарпімен басылған жалғыз данасын алып келіп танысты- рыпты. Ал, «Абай жолын» қалай таны- дыңыз? Алғаш оқығандағы əсеріңіз қан- дай? – Мектепке барған алғашқы жылы сы- ныптастарымның көбі ұйғыр балалары, ин- тернаттың балалары болды. Барлығымыз жақсы араластық. Əкем мен Қаныш Иман- тайұлы екеуі ядролық сынақтарға қарсы көптеген əрекеттер жасаған еді. Курчатов- пен сөйлесті. Сол үшін екеуіне де қуғын басталды. Екеуі де Қазақстаннан кетуге мəжбүр болды. Өзі айдауда жүрген сондай кезде əкем шешемізге: «Балалар «Абай жолын» оқысын», - деп тапсырма беріпті. «Алтын балам, Мұратайым, сен əкеңнің жазғандарын оқы, біл!», - деп келетін ма- ған жазған хаттары да бар. Шешеміз тоқы- ма тоқып отырады. Мен дауыстап оқимын. Əрине, көп нəрсені түсінбеймін. Бірақ, əсер бар. Əлі есімде, кішкентай бала болсам да мен сезіп отырдым. Он-он бес беттей оқи- мын да далаға барып ойнап келемін. Күн сайын солай оқимын. Сол кездегі оқыға- ным маған өмірлік азық болды. Тілімнің шынығуына, қазақ тіліне оралуыма зор ық- пал етті. Мəскеуде оқып жүріп, «Жас тұл- пар» ұйымын құрған уақытымызда, бірге жүрген достарымызбен қазақ тілімізді да- мытуды қолға алып, алдымызға оны дəріп- теуді мақсат етіп қойдық. Серуендеп жүріп бір-бірімізбен сөйлескенімізде орысша сөз қосып қойсақ, айыппұл төлейміз. Алма- тыдан «Лениншіл жас» пен «Білім жəне еңбек» журналын алдырып тұратынбыз. «Білім жəне еңбек» журналы өте мық- ты журнал еді. Талап Сұлтанбеков деген өте саналы азамат бас редакторы болды. Сол кездерде барлық жерде қазақ мектеп- терінің саны азайып бара жатты. Студент кезімізде тың өлкелеріне барғанымызда, бес облыста «Тың өлкесі» деген бір ғана қазақ газеті шығады, оның өзі орыс тілінен сөзбе-сөз аударма. Бірақ, əкемнің «Абай» романын алғаш оқығанда санамда пайда болған сілкіністер осындай қиын жағдай- ларда қорған болды. «Абай жолы» – өте ғажап дүние. – Мұрат аға, аудандық басылымның өзіңізді тануға ұмтылған ынтық пейілді сауалдарына жауап беріп, көзқарас білдіргеніңізге зор алғыс! Мұхтар Əуезов 1958 жылы еңбекші қауыммен кездесу мақсатында Баянауыл- ға келіпті. Жанында жүрген серіктерінің, бұрын Баянауылда болып па едіңіз?, - де- ген сауалына: «Бұрын Баянауылда болға- ным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге. Олай дейтінім – менің қымбатты қимас достарым Əлкей Марғұлан мен Қаныш Сəтбаев осы Баянауылдан шық- қан азаматтар. Олар маған Семейде де, Ленинградта да, Алматыда да Баянауыл туралы көп-көп əңгімелер шерткен. Со- лардың айтуы, суреттеуі бойынша Бая- науылдың Ақбет тауы, Жасыбай, Сабын- ды, Торайғыр көлдері əлі картаға түспей жатып, менің көкірегіме көшкен», - деген екен. Кəрі ғашық Баянауылға тағы бір мəрте еміреніп, тебіреніп келіп-кетті. Бұл жолы ұлы Мұрат Əуез бейнесінде. Мұрат аға бізбен қоштасар сəтте: «Жо- лаушы ретінде айтарым, тек қана алғыс. Қандай керемет! Баянауылдықтардың рухы мықты. Өте дарынды, өте сапалы қазақтар. Өткен қатал кезеңдер қайта- ланбасын. Ынтымағымыз берік болсын!», - деп аттанды. Ал, біз, ұлы рухтардың үндескеніне, тілдескеніне, бұлт бөрікті Баянтаудың ескі танысын қимас көңілмен шығарып салғанына куə болдық.

Еламан ҚАБДІЛƏШІМ.