Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
20.02.2020
Просмотров: 482

Қордай. Масаншы сапары

АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ

жалғасы

Үрімжіде тұратын бір қытайлық қазақ бауырым айтқан еді кезінде: «Біз бала кезімізде көшеден қытай көрмейтінбіз, кейін есейе келе оларды кешке тамақ ішетін жерлерде көріп, көптігіне таңғалатынбыз. Бірер жылда олардың саны жергілікті ұйғыр, қазақ, татарларға жақындап қалғанын бір-ақ білдік. Бұлар осындай халық, өзіңді басып алғанын білмей де қаласың». Қазір сол Үрімжідегі жағдай тура сол қалпында біздің елде өтіп жатыр. Өздеріңіз де көріп-біліп жүрген боларсыздар. Барахолка жақ, кейбір бизнес орталықтары болмаса, әдетте, көшеде бірен-саран болмаса, қытайларды көп кездестіре бермейсіз. Ал кешке қарай мейрамхана, сырахана, кафе, үлкен сауда орталықтарында аяқ басып жүре алмайсың, үштен бірі солар.

Жексенбі күнгі Қордайға сапар талай жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің легін ағытты. Қытай тарихын, тілі мен мәдениетін зерттеген, Қазақстанның Қытай еліндегі тұңғыш елшісі болған, жалпы қытайлық экспансия мен оны жүргізу жолдарының түрлі тетіктерін, олардың менталитеті мен психологиясын ішінара араласа келе әбден зерттеп-зерделеп таныған Мұрат Мұхтарұлы бұл оқиғаның негізінде қытайлық саясаттың ұшқыны болуы мүмкін екендігін де ойдан шығармау керектігі туралы айтты: «751 жылы мына Талас бойында болған Атлах шайқасында араб, иран, түріктер бірігіп, Таң имериясының әскерін ойсырата қиратып, Орталық Азиядан қуып шыққан. Сонда мыңдаған араб, иран жауынгерлері қытай жерінде қалып қойған. Кейін олар қытай қыздарына үйленіп, тілін меңгеріп, жылдар өте сунниттік бағыттағы мұсылман дінін сақтаған қытайлық тайпаға айналған, дүнгендер дегеніміз солар. Кезінде кеңестік саясаттану ғылымында Қытайға қарсы күресте осы дүнген қауымдастығын бірден-бір сенімді одақтас деп қабылдаған. Өзі де солай, олар ғасырлар бойы Қытайда дін, діл тазалығы үшін күресіп өткен жауынгер халық. Ал қазіргі жағдайда бәрі керісінше болуы мүмкін. Жергілікті дүнген қауымдастығын Қытай өзінің «бесінші колоннасы» ретінде пайдалануы әбден мүмкін».

Ағаның сөзіне келіспеске шара жоқ. Жергілікті қазақтар да «бұрын олар қытайлыққа теңесең, намыстанатын, қазір керісінше, «ия, біз хуэйцзумыз» деп мақтанышпен айтады» дейді. Қытай олардың газетіне де, экономикалық дамуына да, дүнген балаларының Қытайда білім алуына жағдайын жасап, көп жағдайда қаржыландырып отырғаны осының дәлелі болса керек. Бұл дегеніңіз, кеше айтқанымдай, мемлекет ішінен мемлекет құру, яғни, Қытайдың бесінші колоннасын жасау деген емес пе? Жасырып келе жатқан сырқатымыздың бірі деп білерсіз.

Осы Қордай өңірінде жергілікті дүнгендер мен қазақтар арасында дәл осындай оқиға 1989 жылы да болған екен. Сол кездері Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Өмірбек Байгелді ағамыз қазақтар жағынан шабуылды тоқтатуды сұрап, дүнгендерге «Егер де тағы шу шығаратын болсаңдар, 24 сағаттың ішінде көшіріп жіберемін» -деп батыл талап қойған екен.

Сөздің расы, елімізде соңғы жылдары түрлі этнос өкілдері өздігінше бөлек-бөлек қауымдастық болып кетті. Тұтас көше, тұтас ауыл, тіпті тұтас аудан болып шоғырлана ораналасатын болған. Біле білсеңіз, бұл – барып тұрған мемлекеттік тұтастыққа деген бірден-бір қауіп. Сондықтан да кезінде Өмірбек ағамыз айтқандай шаралар жасалмайынша, яғни, этностардың бөлек-бөлек махалля құрып, шоғырлана отыруына жол бермеу керек деп ойлаймын. Бұл – ол халықтарды отырған жерлерінен көшіріп жіберу деген емес, мемлекеттік деңгейде шаралар ұйымдастырып, еліміздің барлық халықтарымен араласа-құраласа жайғасу жағын реттеу деген сөз. Бұл да – біздің қоғамымызда әлі жасырын жатқан ауруымыздың бірі.

Қордайдан қайтар жолда, Сортөбенің үстінен өтіп бара жатқанда «тура бір Қытайдың провинциясында келе жатқан сияқтымын. Ищщаа! Осылар туралы түгел жазамын» -деген ызаға толы сөзімді естіген Мұрат аға жайлап арқамнан қағып: «Бірақ адам шығыны болғанын ұмытпа, сен гуманистсің ғой!» -деген сөздері тәнге түскен сызақ пен жанға түскен жараны қайта сездіргендей болды. Қазақ бекер айтпаған: АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ.

жанға жағымды жалғасы бар...