Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
21.03.2020
Просмотров: 557

Қордай. Масаншы сапары

АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ

жалғасы

(Әңгімемнің соңғы бөлігінің атауын өзгертпекші болған едім, бірақ бұл жерде де жасырған ауру-сырқауларымыз жеткілікті екен, оны соңына қарай өздеріңіз де байқарсыздар)

Біздің ауылда Ысқақ деген жырау болатын. Біз – ойын баласымыз, жаз күндері сол Ысқақ жырау киіз үйде отырып жырлатқанда, біріміз есіктен, біріміз керегенің көздерінен сығалап, қызық көріп қарайтынбыз. Жырау қария көзін жұмып алып, домбырасын тартқаннан ұрғаны көп, арқалана жыраулатып, төрде отырған жерінен жылжып, кейде табалдырыққа дейін баратын. Жырды түсінбегенмен, жыраудың құдды бір бақсыға ұқсайтын қимыл-қозғалысын біріміз қызықтап, біріміз қорқақтап қарап, аузымыз ашылып қалатын. Сол бала шақтан Нысанбай, Абылай, Кенесары, Наурызбай деген есімдер жатталып қалған. Ысқақ жыраудың сондағы айтатын жыры Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны екенін кейінірек, есейе келе білдік қой.

Дүрі жауһар данасы,

Әркімнің алла панасы.

Жан біткенге несібе –

Дәрияның аққан саласы.

Үйсіздерге үй болған,

Би — отанның ханасы.

Кенесары, Наурызбай –

Абылай хан-ды бабасы,

Әуелгі мекен-тұрағы –

Көкшетаудың даласы.

Жазғы жайлау қонысы –

Ұлытаудың саласы – деп басталатын бұл жыр – атақты Алмас Алматов жыраудың да жиі жырлайтын дастаны. Сол жексенбі күнгі сапардың соңы көңілге ерекше қуат берген, мақтаныш сыйлаған сәттермен жалғасты. Оны ұйымдастырған – бізге Қырғызстаннан қосылған әріптес досымыз Мұсырқұл Қабылбеков.

Оның алғашқысы – Әулиешоқы. Сонау анадайдан көзге ұрып, жолаушыға бағыт-бағдар бергендей, үшкірленген ұшар басы аспанға тірелгендей ерекше шоқы екен. Орыстар оны Колдун Гора деп атап кеткен. Кезінде сол шоқыдағы үңгірде атақты әулие өмір сүрген деседі. «Осында туып-өсіп, кейін елден жырақ кеткен қазақ-қырғыздың аңсар тауы, сағыныш сазы осы Әулиешоқы. Менің әкем де біраз жылдардан кейін көргенде талай жылғы мауқын басқандай «Қайран, Әулиешоқым!» деп еді» -деген Мұсекеңнің сөздерінде де Әулиешоқыға, ата-баба, әкелеріне деген сағыныш жатыр еді.

Әулиешоқыны тамашалап,суретке түсіп, саф таза ауасымен кең тыныстап алып, жол бастаушымыз Мұсекеңнің соңынан ердік. Содан келген жолымызбен қайта бұрылып, Алматының күре жолымен қатарлас жатқан тар жолға түсіп, біршама биіктікке көтерілгенімізде, алдымыздан биік төбе басына орнатылған мемориал-ескерткіш шықты.

Бұл Кенесары-Наурызбайға арналған мемориал-ескерткіш еді. Менің де, Мұрат ағаның да бұл жерге бірінші рет келуіміз екен. Көліктен түсе сала Мұрат ағаның көзі мемориалға кіреберісте тұрған екі дәу тастың біріне қашалып жазылған сөздерге түсіп: «Қандай ғажап сөздер! Жусан дегеніміз қазақтың өзі ғой!» -деп риза болды. Тәу етіп келген әр қазақтың намысын ұштап, еңсесін көтеретін жерге орналасқан екен. Тұрған жерінің биіктігі, әдемілігі, ауасының тазалығы, биікке шыққандағы көз алдыңдағы табиғат көрінісінің көркемдігі ғана емес, тарихи маңыздылығының өзі бойыңды биіктетіп, иығыңды тіктей түскендей. Хан Кене мен Наурызбайдың ең шешуші, қаралы шайқастары осы маңда өткен.

Осы жерде тағы бір айта кететін жайт – Кенесары мен қырғыздардың соғысы туралы. Қазақ пен қырғыз кездесе қалса, осы күнге дейін «Хан Кененің басын шапқансыңдар!»-деп қазағымыз, «Кенесары қырғыздың қатын-баласына дейін қырып салған» деп қырғызымыз дүрсе қоя береді. Осыған да бір тоқтам керек. Хан Кененің өліміне Орман, Жантай, Жанғаралы сияқты қырғыз манаптарын айдап салған патшалық Россия кінәлі екенін айтуымыз керек. Мұны да сол жасырын жаралардың бірі дерсіз.

Осы сапарға шығар алдында әлеуметтік желіде Нұрлан Әмреқұловтың «Қазақ, оян!» деген жазбасын оқып жағамды ұстап едім. Меркі қаласының әкімі Өмірбеков Мейірхан Азатұлы жазба авторының және бірнеше еріктілердің ұйымдастыруымен Меркі қаласында орнатқан Кенесары ескерткішін орнынан алып тастау туралы талап қойып отырғандығын ашына баяндайды. Әкімнің сондағы айтар сылтауы «Ескерткіш жобасы министрліктің келісімінен өтпеген». Айналайын, әкімім, ескерткішті орнатарда сол келісімді талап етпей, ай қарадың ба? Бұл бір. Екіншіден, ескерткіштің орнатылғанына бір жылдан аса уақыт болды, ол келісім болмаса, сол елдің әкімі өзің емессің бе, бар да, минстрлікке шеш мәселені, ал келісімді! Мұндай да сұмдық болады екен?! Тарихқа тағзымның орнына құжат-қағаз сұрайтын дерттің сұмдығы бұл! Қазақ бекер айтпаған: АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ.

Сөзімнің соңында Мөңке бидің атышулы болжам сөздерінен үзінді:

Азарсың, жұртым, азарсың,

Азарыңның белгісі:

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,

Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалар.

Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,

Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар.

осымен тәмам.

PS Осы сапарға ұйытқы болған Мұрат Мұxтарұлына, ағаның сөзін жерге қалдырмай қырғыз елінен жеткен Мұсырқұл Қабылбековке алғысым шексіз. Сонымен қатар көлікке мінгізіп алып, діттеген жерімізге шаршатпай жеткізген Ернат бауырымызға да чоң алғыс!